Қазақстанның мемлекеттік қарызы 10 жылда 2,5 есе өсті. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева мәлімдеді. Ал Қаржы министрлігі жағдай бақылауда деп санайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кейінгі жылдары Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік қарызды басқарудағы жүйелі мәселелерді үнемі айтып келеді. Татьяна Савельеваның сөзінше, қарызды қайтарудағы бағалау, фискалды және валюта қаупін талдау, сондай-ақ, борыштық міндеттемелердің барлық түрі бойынша баланс жетіспейді.
"Мемлекеттік қарыз мөлшері ЖІӨ-нің 22 пайызы деңгейінде қалып отыр. Үкіметтің көзқарасы бойынша бұл дабыл қағатындай жағдай емес. Алайда, Жоғары аудиторлық палатының әділ бағалауы бойынша, бұл тәсіл нақты жағдайды бұрмалайды", - деді Савельева.
2025 жылдан бастап Бюджет кодексінің жаңа ережелері күшіне енді.
"Бюджет кодексінің жаңа нормаларын іске асыру үшін Қаржы министрлігі қандай нақты тетіктерді әзірледі және енгізді? 2025 жылғы есепті қарайтын кезде ЖАП жыл сайын анықтайтын ескертулер қайталанбайды деп сенімді отыра аламыз ба?" - деді депутат Савельева қаржы министріне.
Қаржы министрі Мәди Такиев 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мемлекеттік қарыз мөлшері 31,9 триллион теңге болғанын, бұл ЖІӨ-нің 21 пайызына жететінін айтты.
"Халықаралық институттардың пікірінше, мемлекеттік қарызымыз көп емес, оны ретке келтіруге болады, рейтинг агенттіктерінің бағалауы да мұны дәлелдейді", - деді ол.
Шенеуніктің айтуынша, мемлекеттік қарыз мәселесі Үкімет деңгейінде қаралып жатыр және биыл бірінші тоқсанда ол экономикалық саясат жөніндегі кеңестің талқылауына ұсынылған.
"Мемлекеттік қарызды азайту үшін бюджет тапшылығын азайтып, салық базасын ұлғайту қажет, бұл жасалып жатыр. Жаңа Салық кодексін ескере отырып, бұл мәселелерді түзетуге болады", - деп толықтырды министр.
Мемлекеттік қарыз - мемлекеттің басқа елдерден, халықаралық ұйымдардан, банктерден немесе өз азаматтарынан (облигациялар арқылы) шығынды жабу үшін алатын ақшасы. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл - өз ақшасы жетпегенде мемлекет мектептер салуға, жолдарды жөндеуге, жалақы төлеуге немесе басқа да қажеттіліктерді төлеуге алатын несиесі. Қарыз пайызбен қайтарылуы керек және оның мөлшері ел экономикасына әсер етеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова