Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу аясында Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің үздік оқушыларымен кездесті, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республикада 16 Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды, олар ел мектептерінің оқу үрдісіне инновацияны және үздік халықаралық тәжірибені енгізетін эксперименталды алаң болып табылады.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні қарсаңында жас өрендер Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасуы мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің құрылуы мен дамуындағы рөлі, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын ілгерілету туралы шығармалар жазды.
Гүлшара Әбдіқалықова кездесу барысында оқушыларға Президенттің жауапты әрі күрделі қызметі туралы айтып берді. Мемлекеттік хатшы Елбасының балаларға әрдайым қамқорлықпен қарайтынын жеткізді. Н.Назарбаев атап өткендей, «Балалар тәрбиесі – бұл болашаққа салынған инвестиция. Біз бұл мәселеге келгенде осыны терең түсініп, балаларымызға сапалы білім беруге әрдайым ұмтылу керекпіз».
Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің үздік оқушылары Президенттің «Ақорда» резиденциясы мен Астананы аралап көргенде алған әсерлерімен және келешек жоспарларымен бөлісті.
Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы оқушыларға оқуда озат болуға, өз қатарларына үлгі болуға және ең батыл мақсат-мұраттарын жүзеге асыруға тілектестігін білдірді.