Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру саласындағы Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріндегі аймақтық қорының директоры Аланна Армитажбен кездесті, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Тараптар Қазақстан мен БҰҰ қоры арасындағы халықты қоныстандыру саласындағы гендерлік саясатты жүзеге асыру және өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі әйелдер рөлін күшейтуге қатысты бірқатар өзекті мәселені қарастырды.
Кездесу барысында Гүлшара Әбдіқалықова отбасын жоспарлау, халықтың репродуктивтілік тұрғысындағы денсаулығын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою мәселелері жөніндегі өзара тиімді іс-қимылға тоқталып өтті.
Г.Әбдіқалықова 2030 жылға дейінгі орнықты даму мақсаттарының толық іске асырылуын Қазақстанның қолдайтынын айтты.
Бүгінгі таңда Қазақстанда елдік үш бағдарлама табысты жүзеге асырылып, 2016-2020 жылдарға арналған төртінші цикл бағдарламасы іске қосылды. Алматыда Қазақстанның өңірдегі басты рөлін айқындайтын Өңіраралық офис құрылды. ЮНФПА ана өлімін азайту, аналар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заманауи халықаралық технологияларды енгізу, перинаталдық көмекті аймақтандыру жөніндегі кешенді іс-шараларды жүзеге асырды.
«Қазақстанның БҰҰ-мен қарым-қатынасы – сыртқы саясатымыздың басымдығы бар негізгі бағыттарының бірі. Республикамыз ұйымның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өзара іс-қимыл аясын одан әрі кеңейтуге ниетті», – деді Г.Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы кездесу соңында БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру саласындағы Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріндегі аймақтық қорының директоры Аланна Армитаждың жаңа қызметіне табыс тілеп, ЮНФПА-мен тиімді жұмыстың жалғаса беретініне сенім білдірді.