- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мемлекеттік хатшы Алматы...
Мемлекеттік хатшы Алматы облысына жұмыс сапарымен барды
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Алматы облысына жұмыс сапарымен барды, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Сапар аясында Г.Әбдіқалықова Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім кеңестерінің Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған республикалық форумына қатысты. Сондай-ақ, іс-шараға Алматы облысының әкімі, өңірлік ҚХА төрағасы А.Баталов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Е.Тоғжанов, ҚХА және аймақтық ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен жұртшылық өкілдері қатысты.
Мемлекеттік хатшы құттықтау сөзінде тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Елбасы басшылығымен Қазақстанның қол жеткізген зор жетістіктерінің шешуші факторы бейбітшілік пен келісім болғанын айтты.
Г.Әбдіқалықова өңірдегі қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етіп отырған Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін атап өтті. 100-ден астам ұлт өкілдері тұратын облыста олардың өзіндік төл мәдениеті мен тілін, дәстүрі мен салтын сақтауға және дамытуға жағдай туғызып, мүддесін қорғайтын 70 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.
Мемлекеттік хатшы жұмыс сапары аясында мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде салынған «Алтын бесік» балабақшасында және Көксу аудандық орталық ауруханасында болды. Сондай-ақ, Г.Әбдіқалықова Мәңгілік ел жалпыұлттық идеясын жастардың жаппай қолдауына арналған іс-шара – Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Менің елім – Мәңгілік ел!» атты жастар акциясының басталу рәсіміне қатысты.
Сапар соңында Г.Әбдіқалықова облыстың әйелдер қауымымен, соның ішінде мәслихат депутаттарымен, мемлекеттік органдар басшыларымен, бизнес қоғамдастығы, зиялы қауым және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті. Кездесуде әйелдердің мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға қатысудағы белсенділігін арттыру, әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсету, олардың шешім қабылдауға араласу деңгейін арттыру, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарды нығайту мәселелері талқыланды.
Мемлекеттік хатшы жұмыс сапарының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.
T. Кіршібаев