Астана қаласының тұрғындары мемлекеттік балабақшадан орын алып беремін деп алдап, ақшаларын иемденген алаяқтың үстінен шағым түсірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеу барысында күдікті 2ГИС қосымшасындағы балабақшалардың астындағы шолулар мен пікірлерге жауап жазып, өзінің байланыс нөмірін қалдырып отырғаны анықталды.
Кейін тұрғындармен жеке сөйлесіп, мемлекеттік балабақшадан орын алып беремін деп уәде берген. Алайда ақшаны алғаннан кейін ол байланысқа шықпай, жәбірленушілерді сан соқтырып кеткен.
Алматы аудандық криминалдық полиция қызметкерлері 31 жастағы күдікті әйелді анықтап, ұстады. Тергеу барысында ол өз кінәсін толық мойындап, алған ақшасын жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын айтты. Қазіргі уақытта алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз