- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мемлекеттік БАҚ-ты біріктіру...
Мемлекеттік БАҚ-ты біріктіру – уақыт талабы
Ақпарат тарататын БАҚ жұмысы мемлекеттік реттеуге белгілі бір дәрежеде қатысы бар. Әсіресе мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы жүйелі түрде реформаланып, өзгертіліп, реттеліп отырады. Мысалы Қазақстандағы мемлекеттік БАҚ-тың құрылымын оптимизациялап, оңтайландыру – жиі кездесетін практика. Қазақстан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берілген тапсырмалардың іске асуы туралы мәлімдемесінде осы мәселеге назар аударуға шақырып, қабылданған шешімдер туралы айтты.
"Мемлекеттік БАҚ-ты біріктіру – уақыт талабы. Бұған дейінгі жіберген барлық қателікті ескеріп, нақты іс-әрекет алгоритмін жасадық. Бірінші кезеңде Egemen Qazaqstan және Казахстанская правда газеттері біріктіріледі. Жаңа жылдан кейін олар жеке ЖШС болып қайта құрылады. Артынша "Қазақ газеттері" АҚ бірігіп, "Қазақ газеттері" бірыңғай холдингі құрылады", – дейді министр.
Аида Балаева барлық мемлекеттік органдар, оның ішінде квазимемлекеттік сектор да бюджетті оңтайландыру бойынша жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Жалпы, біріктіру экономикалық, әкімшілік қызмет саласын оңтайландыруды көздейді және жұмыстың шығармашылық бөлігіне еш қатысы болмайды.
"Бас редакторламен бірнеше мәрте кездесіп, бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту мәселелері бойынша жиын өткіздік. Мемлекеттік ақпарат тапсырыс бойынша барлық мәселені қарастырдық. Проблемаларды ескере отырып, мемлекеттік ақпарат тапсырысын қалыптастыру мен оны бөлудің жаңа ережесін әзірлеп жатырмыз", – дейді министрлік басшысы.
Министр ведомствоның БАҚ өнімдерінің баға саясатын өзектендіретін маркетингтік зерттеулер жүргізетінін де атап өтті:
"Біз сараптамалық материалдардың көбірек болуына және оларға көбірек қаржы жұмсау үшін жұмыс істейміз. Қазіргі жағдайды ескере отырып, мультимедия өнімдері көбірек пайда болатындай міндет қойғым келеді. Жұмыс қорытындысы бойынша біз мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды қалыптастыру және бөлу бойынша бірлескен нәтижелерді нақты жариялаймыз", – деді Аида Балаева.
А. Рысдәулет