Мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған тұрғын үйлердің сапасын тексеру ұсынылды

Құрылтай депутаты Мақсұт Насибулов қалалар мен елдімекендерде тұрғын үй сапасының бірыңғай стандартын енгізу қажет екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттың сөзінше, тұрғын үй сапасына қойылатын бірыңғай ең төменгі стандартты енгізу қажет, бұл стандарт мемлекет қаржысы есебінен салынатын тұрғын үйге қолданылуы керек. Сонымен қатар, азамат тұрғылықты жеріне қарамастан, абаттандырылған, қауіпсіз, жайлы аула, қажет инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуге тиіс.

Депутат мемлекет қаржысы есебінен бұған дейін салынған тұрғын үйлерге тексеріс жүргізуді де ұсынды.

"Әдетте үй салған кезде тек шаршы метр санын есептейміз. Осылайша, "қанша үй салынды, қанша пәтер пайдалануға берілді, қанша отбасы баспаналы болды?" деген ең қарабайыр сауалдармен ғана шектелетініміз анық. Алайда бір мәселе үнемі қайталана беретініне көз жеткіздік. Азаматтарымызға арнап үй салынады, пәтерлерлері бар, бірақ айнала толық өмір сүруге мүлде қолайсыз екенін көрдік. Балаларға ойын алаңдары, спортпен айналысып, серуендейтін алаңдар, қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы демалыс орындары сынды қолайлы орта қалыптастыру мәселесі назардан тыс қалатынын байқадық", - деді ол.

Депутаттың сөзінше, тіпті кейде ауланы жарықтандыру, жаяу жүргіншілерге арналған қалыпты жолдар мен көгалдар құрылыс салушы тарапынан назарға алынбай қалып жатады.

"Мұндай жағдайды барлығымыз көріп-біліп жүргеніміз анық. Не қалыпты ауласы жоқ, абаттандыру толық жүргізілмеген үйлер мен кешендерді толыққанды тұрғын үй деп айта аламыз ба?" - деді депутат.

Мақсұт Насибуловтың пікірінше, бұл мәселе аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерде өте өзекті. Оның айтуынша, мемлекет халықтың өмір сүру сапасын арттыру, өңірлер арасындағы айырмашылықты азайту, ауылдарды дамыту, ауылдық жерлерге мұғалімдерді, дәрігерлерді және басқа да мамандарды тарту бағытында ауқымды жобаны қолға алып отыр.

"Алайда қажет маманды, жас отбасын жоба негізінде ауылға шақырғанымызбен, оларға азын-аулақ мал-мүлік, пәтер ұсынумен ғана шектелеміз. Бұлай болмауы керек. "Жақсылық қылсаң сыпыра қыл" деген халық нақылы бар. Мемлекеттік қамқорлық тек пәтер берумен шектелмеуге тиіс", - деп түйіндеді ол.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!