- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мемлекеттік бағдарлама аясында...
Мемлекеттік бағдарлама аясында барлық қазақстандыққа қосымша ақша төленетіні рас па?
Facebook желісінде алаяқтардың жарнамасы тағы да тарады. Онда жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында қазақстандықтарға қосымша төлемдер төленетіні туралы айтылған. Бұл ақпаратқа сенбеген жөн, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Алаяқтар ескі тәсілді қолданған: видео жалған дауыспен дыбысталған. Ал сенімдірек болуы үшін күнін 2024 жылғы 22 сәуір деп көрсеткен.
"Шын мәнінде, таралған видеода бір-бірімен байланысы жоқ жаңалықтар сюжеттері ұсынылған. Экрандағы бастапқы сурет "Мир" телеарнасының "Вместе" бағдарламасынан алынған. Видеода оның жүргізушісі Екатерина Абрамова да көрсетілген. Телеарнаның сайтында тұрғындарға дивидендтер төленетін қазақстандық жаңа мемлекеттік бағдарлама туралы ақпарат жоқ", - деп жазылған мәліметте.
Тағы бір үзіндіде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңес отырысы.
Толық видеосы 2019 жылғы 20 мамырда Astana TV телеарнасының сайтында орналастырылған. Онда қазақстандықтарға төленетін қосымша төлемдер туралы айтылмайды. Мемлекет басшысының ресми сайтында да жаңа төлемдер туралы жарлықтар жоқ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми порталында да әлеуметтік қолдаудың жаңа шаралары туралы жазылмаған.
"Алаяқтар жоқ төлемдерді төлейміз деп бұрын да айтып келген. Бейтаныс ресурстарда жеке деректерді қалдырмаңыздар. Оларды алаяқтар иемденіп, өз мақсатында пайдалануы мүмкін", - деп жазылған басылым ақпаратында.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова