Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына бөлінген бюджет қаржысы жымқырылғанын анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеу мәліметінше, күдікті бақылауындағы "Агрокомплекс АРСЕН" және "ОнегеАгроСервис" ЖШС-лары арқылы Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылдық округінде су үнемдейтін суару жүйелерін салуға жұмсалды деген шығынды өтеу үшін уәкілетті органға инвестициялық субсидия алуға қажет құжаттарды тапсырған.
"Шығынды растау үшін жалған төлем тапсырмалары мен орындалған жұмыс актілері ұсынылған. Осы құжаттар негізінде күдіктінің бақылауындағы серіктестіктердің есепшоттарына жалпы сомасы 251 млн теңге субсидия аударылған", - деп жазылған хабарламада.
Кейін бұл қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Қаражаттың бір бөлігіне тұрғын үй сатып алынған. Соттың рұқсатымен бұл мүлікке тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова