- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мемлекеттен 110 мың...
Мемлекеттен 110 мың теңгеге дейінгі көмекті қалай алуға болады?
Әлеуметтік желіде "мемлекеттен 103 700 теңгені қалай алуға болады?" деген жарнамалар өріп жүр. Әңгіме былтыр қаңтардың соңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әлеуметтік осал топтарға жалға алып отырған тұрғын үйінің 50 пайызын үкімет төлейтін көмегі туралы. Яғни жалға алу құнының 50 пайызын мемлекет, қалған 50 пайызын жалға алушы төлей бастады. Жалдамалы тұрғын үй ақысының 50 пайызын алу үшін не істеу керек? Massaget.kz тілшісі түсіндіреді.
Мемлекеттен бұл көмек түрін кім ала алады?
- 1, 2 топтағы мүгедектер
- мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасылар
- жетім балалар
- көпбалалы отбасылар
Көмекті алғысы келетін адамға қандай талап қойылады?
- ҚР азаматы болуы керек
- Отбасының әрбір мүшесінің табысы 36 018 теңгеден аспауы керек
- "Отбасы банк" клиенті болуы керек және депозиті болуы керек. Оны толтырып отырудың қажеті жоқ, ол өтемақы түсетін арнайы есепшот секілді қолданылады
- ЭЦҚ болуы керек
Қандай үйді жалға алуға болады?
- 1-3 адам бар отбасы - 40 шаршы метрге дейін
- 4-5 адам бар отбасы -60 шаршы метрге дейін
- 6 және одан көп адам бар отбасы 80 шаршы метрге дейін жалдай алады.
Қандай үй алуға болады?
Бұл пәтер немесе үй болуы мүмкін. Үйді құрылыс компаниясынан немесе жеке тұлғаның үйін жалдауға болады. Оны әр отбасы өзі таңдайды. Міндетті шарт - құқықтық кадастрда тіркелген жалдау шарты болуы керек.
Бірақ:
- Мемлекеттік қордағы үйлерді
- Қызметтік үйлерді
- Жақын туыстардан, бұрынғы жұбайынан, жұбайының туыстарының пәтерін жалдауға тыйым салынады
- Жалға алынған үйді басқа біреуге жалға беруге болмайды
Әкімдік қызметкерлері бір тоқсанда бірнеше рет жалға алынған үйде кім тұрып жатқанын тексеруі мүмкін.
Қандай шығындарды жалға алушының өзі төлейді?
- Коммуналдық қызметтерді
- Жөндеу жұмыстарын
- Жалпы үй мүлкін ұстау және басқа да пайдалану шығындары.
Қандай жағдайда жалдамалы пәтердің 50 пайызының төленуі тоқтатылуы мүмкін?
- Жалдамалы пәтер иесі өтемақы алу статусынан айырылған жағдайда
- Өтемақыдан өзі бас тартқан жағдайда
- Қандай да бір себеппен үйден шығарылған кезде
- Қайтыс болған жағдайда
- Жалдамалы пәтерде өзі тұрмаса
- Жалған ақпарат берсе
Қанша теңге өтемақы беріледі?
Жалдамалы пәтердің құнының 50 пайызы беріледі. Бірақ жалға берілетін тұрғын үйдің құны қатаң реттеледі.
Алматы мен Астанада үш адамы бар отбасы 110 378 теңгеге пәтер жалдай алады. Оның 55 189 теңгесін мемлекет өтейді.
- 4-5 адамы бар отбасы 165 568 теңгеге (82 784 теңге)
- 6 және одан да көп адамы бар отбасы 220 757 теңгеге пәтер жалдаса, оның 110 378,5 теңгесі мемлекет тарапынан төленеді.
Шымкентте 1-3 адамы бар отбасы 85 678 теңгеге пәтер жалдаса, оның 42 389 теңгесі мемлекет тарапынан төленеді.
- 4-5 адамы бар отбасы 128 518 теңгеге (64 259 теңге)
- 6 және одан көп адамы бар отбасы 171 357 теңгеге (85 678,5 теңге) пәтер жалдай алады.
Қалған өңірлердегі бағаны мына сілтеме арқылы көре аласыз.
Өтінішті қалай беру керек?
otbasybank.kz порталында тіркеліп, "Баспана маркет" маркетплейсінде "Жалға беруді субсидиялау" бөліміне өтесіз де жеке кабинетте өтінішті толтыру керек.
Ақша қалай түсіп тұрады?
- Жалға алу келісімшартының күші жойылмайынша ай сайын беріледі
- Егер адам көшіп кетсе, онда шарт бұзылады және жаңа жалға берушімен келісім жасалады. Бұл жағдайда сіз қайтадан өтініш беруіңіз керек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина