Мемлекетке тәркіленген мүліктер енді Кolesa.кz, Кrisha.кz және OLX платформалары арқылы сатылымға шығады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, тәркіленген мүлікті мемлекеттік органдардың балансына өткізу рәсімінің жаңа әдістері әзірленген. Бұрынғы қолданыстағы тәжірибе үкімдерді орындау кезінде әуре-сарсаңға, ал кейбір жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға да жол берген.
Мысалы, 2020 жылғы пандемия кезінде көлік прокурорлары құны 140 миллион теңгелік 60 мың данадан аса медициналық мақсаттағы жеке қорғаныс құралдарын (комбинизондарды) ҚХР Гонконг қаласына әкету әрекетін тоқтатқан.
Сол жылы сот үкімімен олар мемлекет кірісіне тәркіленді. Бірақ бұл комбинезондар жұқпалы аурулар дәрігерлеріне өте қажет болғанына қарамастан, оларды тез арада беру мүмкіндігі болмаған. Дәрігерлер оларды тек 2021 жылдың соңында алған.
"Бұған қолданыстағы заңнаманың жетілмегендігі себеп болды, бұл оларды денсаулық сақтау мекемелеріне тікелей беруге мүмкіндік бермеді. Көлік прокуратурасының бастамасымен бұл механизм қайта қаралып, тиісті түзетулер 2022 жылдың қазанынан бастап қолданысқа енгізілді. Басқа жағдайда, заңнаманың олқылықтарын қаскүнемдер пайдаланып, олар 200 миллион теңгеден астам сомаға байыған", - делінген хабарламада.
Бұған дейін Мемлекеттік мүлік департаменті қатысушы-мемлекеттік орган электрондық порталға салған құжаттардың көшірмелері бойынша ғана тауарды беру туралы шешім қабылдаған. Енді олар өздерінің өтінімдері мен экономикалық нысандылығын жоғары тұрған органмен электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы растауға тиіс.
Тәркілеу заттары көбінесе нарықтық құнынан төмен сатылатындықтан, электрондық сауда-саттық арқылы жеке тұлғаларға сату тетігін қайта қарау бойынша жұмыс басталды. Оның негізі, "Мемлекеттік мүлік тізілімі" веб-порталының сату алаңындағы "танымсыздығы".
Қызметті жақсартудың нысаны ретінде Kolesa.кz, Krisha.кz және OLX сияқты танымал интернет-ресурстармен өзара әрекеттесу мәселесі қаралып жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!