- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мемлекет тұрғын үйлер...
Мемлекет тұрғын үйлер құрылысын аяқтау үшін үлескерлерге кепілдік береді
Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры кепілдіктерді алу үшін құрылыс салушылардан өтінім қабылдауды ресми түрде бастайды. Бұл туралы премьер-министрдің ресми сайты хабарлады.
ҚР «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» жаңа Заңына сәйкес, қор тұрғын үйлер құрылысын аяқтау үшін үлескерлерге кепілдік беретін болады. Қорды құрудың мақсаты тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды кепілдендірудің тұрақты және тиімді жүйесін, кепілдік беру жағдайы туындағанда үлескерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, сондай-ақ, үлестік тұрғын үй құрылысы нарығын ынталандыруды қамтамасыз ету болып табылады.
«Жаңа тетік бойынша кепілдік беру жағдайлары мыналар болып табылады: тұрғын үйлерді пайдалануға беру мерзімінің бұзылуы, ақшаны орынсыз пайдалану, сот шешімі бойынша құрылыс салушының дәрменсіздігі», - деп хабарлады қорда.
Бастапқы кезеңде Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры құрылыс салушының өтінімін қарау кезінде, оның жаңа заң талаптарына сәйкес келуін тексереді. Барлық талаптарға сәйкес келген жағдайда, қор құрылыс салушымен және уәкілетті компаниямен кепілдік беру туралы шарт жасасады. Қор одан кейін салынып жатқан тұрғын үй сапасын бақылайтын тәуелсіз инжинирингтік компанияны тарта отырып, үлескерлер ақшасының орынды жұмсалуын, сондай-ақ пайдалануға енгізілген тұрғын үйдің сапасын бақылайтын болады.
Жалпы, қор өкілдерінің айтуынша, тұрғын үй құрылысына кепілдік беру тетігін іске асыру үлескерлер үшін де, инвесторлар үшін де құрылыс саласының инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етеді, сонымен қатар, құрылыс саласының ашықтығы мен құрылыс салушының жауапкершілігін арттырады.