Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР ҰЭМ «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ-ның Басқарма төрағасының орынбасары Шолпан Сапарғали мен Вице-президенті Айдос Оралханұлы Көбетовтың қатысуымен «Қазақстандағы мемлекеттік–жеке меншік әріптестікті дамытудың алғашқы нәтижесі» атты баспасөз конференциясы өтті. Бұл туралы Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығының сайтында жарияланды.
МЖӘ орталығы жетекшісінің орынбасары Шолпан Сапарғали өз сөзінде: «Бір қуантарлығы, мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі механизміне соңғы кездері қызығушылық арта бастады. Салыстырмалы деректі ұсыналық: егер ағымдағы жылдың ақпан айында әр түрлі дайындықтағы 102 жоба ұсынылса, ал қазан айында құны 1,1 трлн. теңге болатын 274 жоба, нақтыласақ оның 253-і аймақтық, 21 республикалық дәрежедегі жоба дайындалу үстінде» екендігін жеткізді. Сондай-ақ, бұл жобалар негізінен мектепке дейінгі мекеме, емхана, дәрігерлік амбулатория, спорт және мәдениет нысандары секілді еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сеп болатын нысандарды қамтиды. Ал ағымдағы жылдың қыркүйек айында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақтөбе облысында 3, Солтүстік Қазақстан облысында 1 жоба бойынша келісім жасалғаны туралы, брифинг барысында айтылды.
Бұның барлығы мемлекет пен жеке бизнес арасындағы әріптестіктің даму нәтижесі. Атап айтқанда:
• Жергілікті әкімдіктерге дербес жобаларды жоспарлау, өңдеу, сынақтан өткізу, байқаудан өткізу секілді концессиялық және мемлекеттік–жеке меншік әріптестік жобасын іске асыра алатын мүмкіндік берілді.
• Мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің шағын жобаларына (балабақша, емхана, дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары) келісім жасау кезеңінде байқау өткізудің тәртібі, талабы жеңілдетіліп, уақыты қысқартылды.
• Жаңа келісім жасаудың жүйесі жүзеге асты. Нысанға кететін негізгі шығыннан бөлек, қызмет шығыны да өтелетін жүйе іске қосылды.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев 2015 жылы 31 қазанда «Мемлекеттік – жекешелік әріптестік» туралы Заңға қол қойды. «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік» туралы Заң еліміздегі экономикалық салада қолданылады және де инвесторлармен жаңа келісім (қызметтік, инфраструктуралық келісім т.б) жасауға құқық береді. Одан өзге бұл заң жобаға қатысушылар қатарын (ұлттық компаниялар, холдингтер, мемлекеттік кәсіпорындар, жеке қаржы ұйымдары) едеуір көбейте алды.