Отырыста Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтағы қазіргі жағдайы мен перспективалары, сондай-ақ әлемде қалыптасқан геосаяси ахуал талқыланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Алғашқы мәселе бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев сөз сөйледі. Талқылауға Үкімет пен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшелері қатысты. Мемлекет басшысы интеграциялық бірлестіктің әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік бермей отырған әлемдік нарықтағы қолайсыз конъюнктура мен өзге де сыртқы жағдайларға қарамастан ЕАЭО-ның болашағы жарқын екенін айтты.
Мемлекетаралық кооперацияны жолға қойып, экспортты ұлғайту үшін Қазақстан бизнесінің алдынан зор мүмкіндіктер ашылып отыр. Сонымен қатар Қазақстанның әлеуметтік экономикалық дамуына және жалпы ЕАЭО-ның қызметіне теріс ықпалдар әсерін мейлінше азайту жөнінде шаралар қабылдау қажет.
"ЕАЭО - тек экономикалық бірлестік, ол экономика және сыртқы сауда аясында дамуға тиіс" деген Қазақстанның нақты ұстанымы атап өтілді. Мемлекет басшысы отандық өндірушілерді қорғау мен қолдау, олардың тауарлары мен қызметтерінің бәсекеге қабілеттілігін ЕАЭО-ға мүше елдермен қатар өңірлік ауқымда да арттыру жөніндегі шараларды әзірлеуге айрықша назар аударды.
Талқылау барысында ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің кәсіпкерлері үшін тең және әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету, сондай-ақ барлық елдің санитарлық-эпидемиологиялық, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау шараларын сақтау қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар Қауіпсіздік кеңесінің отырысында күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелер, Таяу Шығыс пен Ауғанстандағы ахуал талқыланды. Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатер мен тәуекелдердің алдын алу шараларын дер кезінде дайындау мақсатымен әлемде және өңірде болып жатқан үдерістерді жіті бақылау қажеттігін атап өтті. Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Үкіметке бірқатар тапсырма беріп, олардың орындалуын бақылауды Қауіпсіздік кеңесінің аппаратына жүктеді.