Мемлекет басшысы Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевті қабылдады, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Ұлттық банк төрағасы Қазақстан Президентіне 2016 жылғы 11 айдағы қаржы нарығының бүгінгі нәтижелері туралы баяндады.
Ұлттық банк басшысы теңге бағамының әлемдік негізгі валюталарға қатысты тұрақтанып келе жатқанын атап өтті.
– Ұлттық банк соңғы айларда валюта саудасына қатысып отырған жоқ. Осылайша, айырбас бағамы Ұлттық банктің араласуынсыз, өте еркін жағдайда қалыптасуда. Нарықта құнсыздану қатері азайды. Теңге 3,4%-ға нығайды, негізінен бұл биылғы желтоқсанда мұнай бағасының көтерілуіне байланысты болып отыр, – деді Д.Ақышев.
Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы биылғы қараша айының қорытындысы бойынша инфляция көрсеткіші қайтадан бір таңбалы санға оралып, 2016 жылғы 11 айда 7,5% болып отырғанын мәлімдеді.
Елбасы ұлттық валютаның еркін айырбас бағамына көшуі былтыр оң нәтиже бергенін атап өтті.
– Теңгенің енгізілген еркін айырбас бағамы өзін-өзі ақтады. Айырбас бағамы әлемдік бағаға байланысты болғандықтан, бірқатар ауытқулар орын алуы мүмкін. Алайда, біз тиісті шаралар қабылдауға әзірміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы банк жүйесіндегі ахуалды одан әрі тұрақтандыруға қатысты және қаржы нарығындағы жұмыс жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.