Мемлекет басшысы Тоқаев АҚШ президенті Байденге көңіл айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Джозеф Байденге көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Жеделхатта Тоқаев Жаңа Орлеандағы қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.

"Мемлекет басшысы Жаңа Орлеан қаласындағы қайғылы оқиға салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдағанын жеткізіп, АҚШ Президенті мен жақынынан айырылған отбасыларға өзінің және Қазақстан халқының атынан көңіл айтты", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар Президент зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіріп, мұндай қастандық әрекетті қатаң айыптайтынын жеткізді.

Еске салайық, қайғылы оқиға 1 қаңтар күні таңғы сағат 3:15-те Жаңа жылды тойлау кезінде болған. Куәгерлердің айтуынша, пикап көлігі бір топ адамға соқтығысқан, содан кейін жүргізуші көліктен шығып, оқ жаудырған. 10 адам қаза тауып, 30 адам жарақат алды. Сондай-ақ екі полиция қызметкері жарақат алды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!