Мемлекет басшысы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

Мемлекет басшысы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуі жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Құрметті отандастар, біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдың бірінші жартысында саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған адамдардың рухына тағзым етеміз. Оларды жадымызда сақтау, заңдылық қағидаты мен әділдік құндылықтарына адал болу – біздің қастерлі борышымыз", - деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанда барлық азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жан-жақты қорғау үшін жүйелі түрде жағдай жасалып жатқанын да атап өтті.

"Мемлекетіміздің осы міндеті 15 наурыздағы жалпыұлттық референдум кезінде қабылданған Конституцияда заң жүзінде бекітілді. Біз бір қоғам болып, озық ойлы ел құру жолына бет бұрдық. Бұл – елімізде Әділдік, Заңдылық, Отаншылдық, Еңбекқорлық, Табиғатқа сүйіспеншілік қағидаттары айрықша маңызға ие болады, сондай-ақ, ғылымды, жоғары технологияларды, мәдениетті және еріктілер қозғалысын дамытуға баса мән беріледі деген сөз. Қазір бүкіл әлем жұрты Қазақстанды барлық салада тек алға қарай қадам басып келе жатқан ел ретінде таниды. Біз бұдан да биік белестерді бағындыру үшін қоғамымыздың ынтымақ-бірлігі мен тұрақтылығын нығайта беруіміз керек. Қазақстанның болашағы әрдайым жарқын болмақ! Мен бұған кәміл сенемін", - деді Тоқаев.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек
Logotype Massaget