Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді "Ақорда" резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәстүр бойынша жоғары мәртебелі қонақтың сапарына орай салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылы сап түзеді. Екі мемлекет басшыларының шағын құрамдағы кездесуі қызыл кілем арқылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туына қарай жүруден басталды.
"Құрметті, Путин Владимирұлы! Қазақстанға қош келдіңіз! Сізбен келісімге келіп, бүгін сіздерді біздің астанада көруіміздің өзі үлкен оқиға деп санаймын. Бұл сөзсіз мемлекетаралық қарым-қатынасымыз үшін маңызды оқиға. Біздің қарым-қатынасымыз өте мықты - серіктестік пен одақтастық негізінде құрылған", - деді президент.
Сондай-ақ ол отандық БАҚ-та жарияланған Путиннің мақаласына тоқталып, Ресей мен Қазақстанның қашанда стратегиялық серіктестігіне тоқталды.
"Мен бүгін Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сіздің мақалаңызды мұқият оқып шықтым. Өз кезегімде мен де Ресейдің БАҚ-тарында өз мақаламды жарияладым. Сіз біздің ынтымақтастығымызды дамыту мен болашаққа бағытталған қадамдарымызды жан-жақты, үндесе отырып жеткізгенсіз деп білемін. Өз мақаламда Қазақстанның Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы болғанын және солай болып қала беретінін ерекше атап өттім. Қиын-қыстау кезеңде де бұл байланыстар маңызды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, 27–28 қараша күндері Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанда мемлекеттік сапармен болады. Ресей президентін әуежайдан Тоқаевтың өзі күтіп алды. Сондай-ақ кәсіби суретші Әсел Сабыржанқызы Владимир Путин Астанаға ұшқан сәтте сала бастаған картинасын таныстырды.
Мемлекеттік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер өтеді. Кездесуде Ресей мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастықты әртүрлі салаларда одан әрі дамыту мәселелері, соның ішінде Қазақстанның ҰҚШҰ-ға, Ресейдің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен БРИКС-ке биылғы төрағалығы аясында ынтымақтастық мәселелері талқыланып, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз