Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Құрметті отандастар! Баршаңызды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. "Отан отбасынан басталады" деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады. Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды "Адал азаматқа" тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады. Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді. Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі. Қазақстандағы әрбір шаңырақтың керегесі кең, босағасы берік болсын! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!", - делінген Мемлекет басшысының Ақорда жариялаған құттықтауында.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!