- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мемлекет басшысы Қазақстан...
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы ХІІІ форумының пленарлық отырысына қатысты
Елбасы Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы ХІІІ форумының пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Еуразия кеңістігінің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдары мен іскерлік орта өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Мемлекет басшысы осындай форматтағы жыл сайынғы кездесулердің екіжақты қарым-қатынасты дамытуда зор маңызы бар екендігін атап өтті.
– Бүгін біз күн тәртібіне көлік пен логистиканың өзекті мәселелерін шығарып отырмыз. Қазақстан мен Ресейге тән ортақ ерекшелік – олардың аумағының кеңдігі мен географиялық орны. Осыны бәсекелік тұрғыдағы артықшылыққа айналдыра білу керек. Атап айтқанда, біздің елдер транзиттік тасымал саласында зор әлеуетке ие. Бұл бағытта біздер бәсекелес емес, стратегиялық әріптес екенімізді ерекше атап айтқым келеді. Сондықтан көлік-логистика жүйесін бірлесе дамыту қажет. Көлік саласы екі ел экономикасы өсімінің қозғаушы күшіне айналуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың бүгінгі таңда Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың негізгі буыны болып сотырғанын айтты.
– Экономикалық саясатымызды үйлестіру қажеттігі туралы таяуда өткен G20 саммитінде де айтылды. Дәл осы іс-шарада біздің «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламамыз бен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты бастамасын ұштастыру жоспарына қол қойылғаны да бекер емес. Біз жобаларды Ресеймен қатарласа отырып, бірлесе жүзеге асырғанымыз дұрыс болар еді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті еліміз жүзеге асырған, халықаралық көлік дәліздерінің конфигурациясын оңтайландыруға мүмкіндік берген ірі инфрақұрылымдық жобаларға тоқталды.
– Бірін бірі толықтыратын түрлі бағдарлар түзілді. Соның барлығы халықаралық транзитті теңізден құрлықтағы бағдарларға қайта бейімдеуге тиіс. Бұл орайда күш-жігерімізді жұмылдырып, осы бағыттағы жұмысымызды үйлестіру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы форум барысында талқыланған мәселелерді ескере келіп, екі ел үкіметіне көлік-логистика жүйесін дамыту жөніндегі іс-қимылды үйлестіру жұмыстарын күшейту жөнінде тапсырма беруді ұсынды.
– Жүк тасымалының, ең алдымен транзиттің көлемін түбегейлі өзгерту үшін барлық жағдайды жасау қажет. Әкімшілік рәсімдерін оңтайландыру керек, өзара сауда-саттық барысында рәсімдердің барынша жариялылығы мен рәсімдеудің жеңіл болуы қажет. Сондай-ақ Ресейдің көлік инфрақұрылымына қолжетімділік мәселесі де қозғалды. Осыған байланысты, тиісті мемлекеттік органдардың аталған мәселелерді өзара тиімді негізде шешкені маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев біріккен көлік-логистика компаниясының қызмет аясын кеңейту қажеттігін айтып, Еуразия даму банкі жұмысының аспектілеріне де тоқталып өтті.
Соңында Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық барысында Ресейдің бірқатар өңірімен меморандумдарға қол қою жоспарланып отырғанын еске салды.
– Форум аясында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамы мен Омбы, Түмен, Астрахань, Свердлов және Орынбор облыстарының, Алтай және Татарстан республикаларының басшылары арасында меморандумға қол қойылатын болады. Көрмеге 5 миллионнан астам адам келеді деп жоспарланып отырғандықтан, логистиканың дұрыс жолға қойылуы маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
В.Путин құттықтау сөзінде Ресейдің Қазақстанмен көп жоспарлы сауда және инвестициялық қарым-қатынасын дамытуға басты назар аударатынын айтып өтті.
– Елдеріміздің экономикасы бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Біз өнеркәсіпте, энергетикада, ауыл шаруашылығында ауқымды жобаларды бірге іске асырудамыз. Технологиялық кооперацияны тереңдетіп, ортақ көлік инфрақұрылымын салып, нығайтудамыз. Екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуде өңірлер ең белсенді рөл атқарады, – деді Ресей Президенті.
Сондай-ақ, В.Путин көлік қызметі нарығын дамыту мәселесінің өзектілігін атап өтті.
– Ресей мен Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы негізгі сауда жолы тоғысында орналасқан. Бізде ортақ кедендік шекара бар және теміржол мен автокөлік жолдарының тармақталған желісіне иелік етіп, тасымалдаудың жоғары деңгейдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз, – деді Ресей көшбасшысы.
Сонымен бірге, Ресей Президенті көлік-логистика саласы үшін мамандар даярлауда өзара іс-қимылды күшейтетін бірқатар халықаралық көлік жобаларына елдеріміздің бірлесе қатысуына назар аударды.
Соңында В.Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа Ресей тарапының «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жұмысына белсене қатысатынын және оның бағдарламасындағы 100-ден астам іс-шараны бірге ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.
Форум барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев, Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев, Ресей Федерациясының көлік министрі М.Соколов, Челябі облысының губернаторы Б.Дубровский және Астрахань облысының губернаторы А.Жилкин сөз сөйледі.
* * *
Іс-шара қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:
– Қазақстан мен Ресейдің 2016-2018 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары;
– Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Жайық (Орал) трансшекаралық өзені алабының экожүйесін сақтау туралы келісім;
– Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы кәсіпорындардың, мекемелердің және теміржол көлігі ұйымдарының қызметін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы 1996 жылғы 18 қазандағы хаттама;
– Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, «Қазатомпром» ҰАК» АҚ және «Росатом» мемлекеттік корпорациясы арасында ядролық отын циклы саласындағы өзара түсінушілік және стратегиялық ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандум.
T. Кіршібаев