- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мемлекет басшысы жастарға...
Мемлекет басшысы жастарға мамандық алу бойынша кеңес берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды техника мен технология саласына мән беруді, инновациялық мамандықтарды игеруге шақырды. Президент мұны «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен кездесуінде сөйлеген сөзінде айтты.
Ортамызда медицина, білім-ғылым, экология, IT технологиясы және басқа да салалардың өкілдері отыр. Қазіргі күрделі кезеңде бұл мамандықтардың қай-қайсысы да айрықша маңызды. Терең білімін озық тәжірибемен ұштастыра білген азаматтар елімізді алға жетелейді, - деді өз сөзінде мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, адам капиталын дамыту – ел дамуының басым бағыты. Ал Елбасының бастамасымен қолға алынған "100 жаңа есім" жобасы тәуелсіз ел жастарының жетістігі мен абыройының жарқын үлгісіне айналды. Төрт жылдың ішінде бұл жобаға 7500-ден астам адам қатысқан екен. Ал биыл пандемияға, елдегі қиын жағдайларға қарамастан, ең рекордты адам қатысқан жыл болды. Бұл жылы 2790 адам жобаға іліккен екен.
Биыл мәреге жеткендердің арасында қаржыгерлер, дәрігер мен волонтерлердің көп екені қуантады. Болашақтың кілті цифрландыру мен инновацияда екенін білесіздер. Қазір робот жасау ісін белсенді дамытуға және ғарышты игеруге баса мән берген жөн. Жалпы, мемлекет талантты азаматтардың жаңа бастамаларына барынша қолдау көрсетеді, - дейді президент.
Мемлекет шығармашылықпен айналысуға, білім мен ғылымға, жастарды қолдауға баса назар аударып отыр.
"Біздің елдің креативті индустрияны құру мен дамытуға зор мүмкіншігі бар. Заманауи әлемде креативті экономика миллиардтаған инвестицияның нағыз көзіне, көңіл аударар құбылысына айналды. Мұны сіздер де жақсы білесіздер. Креативті экономика – әлеуметтік прогрес пен экономикалық дамудың құрамдас бөлігі", - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қ. Слямбек