Мемлекет басшысы “Халықтық құрылыс“ бағдарламасының маңызын айтты

Мемлекет басшысы “Халықтық құрылыс“ бағдарламасының маңызын айтты
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында "Халықтық құрылыс" бағдарламасының негізгі міндеттеріне тоқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Президенттің айтуынша, жалпыұлттық жоба ауыл-аймақтарды дамытуға, қажетті инфрақұрылым салуға және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

Тоқаев бағдарламаның түпкі мақсаты халықтың игілігін көздеп, азаматтарды ортақ іске жұмылдыру екенін атап өтті.

"Халықтық құрылыс" деген атауында тұрғандай, бұл жоба халықтың игілігін көздейді, барлық азаматты жасампаз іске жұдырықтай жұмылдырады. Бұл – шын мәнінде келешек ұрпақтың қамы үшін қолға алған жалпыұлттық міндет", – деді Президент.

Мемлекет басшысы әлемдегі тұрақсыздық пен күрделі сын-қатерлер жағдайында елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және дамуын жалғастыру үшін құрылысқа басымдық берудің маңызын айтты.

"Құбылмалы әрі тұрақсыз әлемнің күрделі сын-қатерлеріне біздің лайықты жауабымыз – "Құрылыс және тағы да құрылыс!". Геосаяси және экономикалық ахуал бұлыңғыр жағдайда мемлекетіміздің, ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің анағұрлым дұрыс, қисынды жолы осы екеніне сенімдімін. Осы мазмұны терең бағдарлама аясында ауыл-аймақтарға, шаруалар мен агроөнеркәсіп кешендеріне қажетті инфрақұрылым салынады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент "Халықтық құрылыс" бағдарламасы ауыл-аймақтардың одан әрі дамуына жаңаша серпін беруге тиіс екенін атап өтті. Осы орайда ауыл экономикасына үлес қосып, тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындардың инфрақұрылым мәселелеріне назар аударды.

"Бұл орайда ауылдардың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындарға айрықша назар аудару қажет. Әсіресе, ірі шаруа қожалықтары орналасқан аудандардағы инженерлік желілерді жетілдіріп, олардың сапалы жұмысына қажетті кіреберіс жолдар салу керек", – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев жалпыұлттық жобаға өндіріс орындары мен отандық кәсіпкерлер де белсене қатысатынына сенім білдірді. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, азаматтардың табысы артады деп күтіледі.

"Халықтық құрылыс" халқымыздың қолдауына ие болатын, ұлт дамуына кең жол ашатын жоба болмақ. Жалпыұлттық жобаға өндіріс орындары да, отандық кәсіпкерлер де белсене атсалысады. Жаңа жұмыс орындары пайда болады, азаматтардың табысы артып, тұрмыс сапасы жақсарады. Түптеп келгенде, "Халықтық құрылыстың" игілігі мен жақсылығын Қазақстанның әрбір азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ өкілдері көреді. Сондықтан біз "Құрылыс және тағы да құрылыс" сөзін отаншылдық ұраны етіп, біртұтас қоғамымыздың мүддесі үшін Әділетті Қазақстанның әр кірпішін бірге қалаймыз. Мен бұған кәміл сенемін", – деді Президент.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай
Logotype Massaget