Бүгін Атырауда Нұрсұлтан Назарбаев Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдерімен кездесті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбеков Елбасыға өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысы туралы баяндады.
"Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысының көлік-логистика саласы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, өңір экономикасын әртараптандыруды жалғастыру қажеттігін айтты", -деп жазылған баспасөз хабарламасында.
Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовпен кездесу барысында Мемлекет басшысы өңірді дамытудың басымдығы бар бірқатар бағыттарына тоқталып өтті, ол "жергілікті биліктің бұл бағыттарға бүгінде айрықша көңіл бөлуі тиіс" екенін айтты.
Жаңа экономикалық жағдайда жұмыс орындарын сақтау, жаңа индустриялық нысандарды дамыту және облыстың өндіруші ірі кәсіпорындарының төңірегінде индустриялық аймақ құру мәселелері талқыланды.