- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мемлекет басшысы G20...
Мемлекет басшысы G20 саммитіне қатысты
Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында 4 қыркүйекте «Жиырма ел» (G20) саммитінің ресми ашылу салтанаты өтті. Делегация басшылары фотоға түсу рәсімінде толық жиналып, содан кейін кездесулер өткізді. Мемлекет басшылары толық келіссөздер жүргізуді 5 қыркүйекке қалдырды.
Ресми ашылу салтанаты су-алау шоуымен басталды. Көздің жауын алатын судағы көріністі тамашалаған жұрт ертегі әлемінде жүргендей сезімге бөленді.
Фотоға түсу рәсіміне дейін әлем көшбасшылары бір-бірінің хал-жағдайын сұрап, 5 қыркүйекте талқыланатын келіссөздердің өзекті мәселесіне тоқталды.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев G20 аясында қатысушы-ел басшылары мен атақты саяси қайраткерлермен кездесу өткізді. Елбасы АҚШ президенті Барак Обамамен, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэймен, Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкермен, «Alibaba Group» директорлар кеңесінің төрағасы Джеком Мамен, Канада премьер-министрі Джастин Трюдомен, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен және Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен кездесті.
Оның ішінде, Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының президенті В. Путинмен, Франция президенті Ф. Олландпен, Германияның федералды канцлері А. Меркельмен, Корея Республикасының президенті Пак Кын Хемен, Оңтүстік Африка республикасының президенті Д. Зумомен, Мысыр президенті А. Сисимен, Сенегал президенті М. Салмен, сондай-ақ Аргентина президенті М. Макримен әңгімелесті.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысы мен Испания премьер-министрі М.Рахой, Италия премьер-министрі М. Ренцин, Үндістан премьер-министрі Н. Моди арасында екіжақты ынтымақтастықтың түрлі мәселесіне қатысты пікір алмасу өтті.
Қазақстан Президенті халықаралық ұйымдардың басшыларымен, атап айтқанда, Еуропалық Кеңес төрағасы Д. Тускпен, Халықаралық валюта қорының директоры К. Лагардбен, Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес төрағасы М. Карнимен және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының басшысы А. Гурриамен өзара әрекет етудің жеке аспектілерін де талқылады.
Дереккөз: bnews.kz
Е. Жұмабайұлы