Мемлекет басшылары мен халықаралық ұйым жетекшілері Тоқаевты құттықтады

Мемлекет басшылары мен халықаралық ұйым жетекшілері Тоқаевты құттықтады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Құрбан айт мерекесіне орай шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларынан құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Құрбан айт тарихы мен тілі, діні мен дәстүрі ортақ халықтар арасындағы бауырластықты одан әрі нығайта түсетінін атап өткен.

"Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы беки түсетініне сенімдімін", – делінген жеделхатта.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Құрбан айтты рухани тазарудың, қайырымдылық пен ынтымақтастықтың белгісі ретінде сипаттаған.

"Бұл қастерлі мейрам тарихтан тамыр тартатын достығымызды, бауырластығымызды, халықтарымыз арасындағы өзара құрметті арттыра беретініне сенімім мол", – деп жазылған құттықтауда.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон аталған мерекенің елдер арасында достықты, тиімді ынтымақтастық пен түсіністікті нығайтудағы маңызына тоқталған.

"Қастерлі мейрам ғасырлар бойы халықтарымызды ізгілікке, жомарттыққа, әділдікке, өзгеге көмек қолын созуға үндеп келеді", – деп жазылған Тәжікстан Президентінің құттықтауында.

Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов сенім мен жанашырлық салтанат құратын қастерлі мереке күллі мұсылман үмбетін біріктіретінін жазған.

"Ортақ рухани құндылықтарға деген ұмтылыс халықтарымыз арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ете беретініне күмәнім жоқ", – делінген жеделхатта.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев бұл мереке дүние жүзіндегі барлық мұсылмандардың рухани бірлігі мен ынтымақтастығының нышаны саналатынын атап өткен.

"Ортақ ұлттық мәдени-рухани құндылықтар біріктіретін Әзербайжан және Қазақстан арасындағы қазіргі жоғары деңгейдегі одақтастық қатынастар – саяси ерік-жігеріміз бен бірлескен іс-әрекеттеріміздің нақты нәтижесі", – деп жазды.

Құрбан айт мейрамына орай өздерінің ізгі тілектерін БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай Әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Кувейт Әмірі шейх Мишааль әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабах, Кувейттің Тақ мұрагері Сабах Халид әл-Хамад ас-Сабах, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Алжир Президенті Әбделмәжид Теббун, Ауғанстан Премьер-министрі Мохаммад Хасан Ахунд, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Хиссейн Брахим Таха, ИСЕСКО бас директоры Салим бен Мұхаммед әл-Малик, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев және тағы басқалар жолдады.

Ақорда мәліметінше, құттықтау хаттар мен жеделхаттар әлі де келіп түсіп жатыр.

Айта кетейік, 27 мамырда Құрбан айт мерекесінің бірінші күні атап өтіледі.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget