Меладзенің концертіндегі жанжал: үш әйел жауапқа тартылды

Алматыда Валерий Меладзенің концерті кезінде жанжал шығарғандар анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап.

Концерт барысында көрермен әйелдер арасында жанжал шыққан. Қауіпсіздік қызметкерлері оларды концерт өтіп жатқан орыннан сыртқа алып шыққан. Алайда бұл жағдай концерттің өтуіне кедергі келтірмеген. Әнші өнер көрсетуін тоқтатпай, концерт әдеттегідей жалғасқан.

Тексеру нәтижесінде жанжал шығарған үш әйел анықталды. Олардың екеуі – Алматы облысының тұрғындары. Сот шешімімен біреуі бес тәулікке әкімшілік қамауға алынса, екіншісіне қоғамдық орынға мас күйінде келгені үшін айыппұл салынған.

Ал үшінші әйел Тараз қаласының тұрғыны болып шықты. Оған қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.

Сонымен қатар, полиция әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында концерт тоқтатылғаны туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат жарияланғанын анықтаған. Жалған ақпарат таратқан Instagram-парақшасының иесі анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған айыппұл салынған.

Полиция қоғамдық тәртіпті бұзғаны және көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заң алдында жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!