Мектептерде “Жасыл сабақ“ жобасы енгізіледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мектептен басталуы керек екенін айтты. Оның сөзінше, балаларға табиғатты аялауды ерте жастан білім беру жүйесі арқылы үйрету қажет, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Тазалықтың тірегі – тәрбие. Балаларды экологиялық мәдениет пен еңбекке мектеп жасынан баулу қажет. Сондықтан экологиялық акцияларға оқушылар мен студенттердің белсене қатысқаны жөн. Осыған орай, Оқу-ағарту министрлігіне "Жасыл сабақтар" жобасын қабылдауды тапсырамын. Білім ордаларында суды және қуат көзін үнемдеу, қоршаған ортаны қорғау ісін дәріптейтін бастамаларды қолға алу қажет", – деді Мемлекет басшысы.

Президент жастардың экологиялық бастамаларына мемлекет тарапынан қолдау көрсету қажет екенін айтты.

"Оқушылар мен студенттердің экология мәселесіне арналған ғылыми ізденістеріне жан-жақты қолдау көрсету керек", – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, "Таза Қазақстан" бастамасын тек экологиялық акция аясында қалдырмай, оны жалпыұлттық құндылыққа айналдыру қажет.

"Таза Қазақстан" халқымызды жаңа сапалық деңгейге көтеретін ұлттық идея болуға тиіс. Оны қоғамда терең орнықтыру үшін мәдениет саласының, әсіресе, креативті индустрияның әлеуетін барынша пайдаланған жөн", – деді Мемлекет басшысы.

Ол жаңа қоғамдық құндылықтарды тек білім беру арқылы емес, бұқаралық мәдениет арқылы да ілгерілету маңызды екенін жеткізді.

"Еңбекқорлық, ұқыптылық, адалдық, жасампаздық құндылықтары фильмдер, сериалдар арқылы да насихатталуға тиіс. Бұл жұмыста бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желінің де мүмкіндігін дұрыс қолдану керек", – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазір елімізде түбегейлі өзгерістерді қолға алынып, ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.

"Наурызда өткен республикалық референдумда жаңа Конституциямызды қабылдадық. Осылайша, ел тарихының жаңа парағын аштық. Біздің түпкі мақсатымыз – "Заң мен тәртіп" қағидаты берік орныққан қауіпсіз және әділетті қоғам құру", – деді Мемлекет басшысы.

Президент жастарға үн қатып, елдің болашағы әр азаматтың күнделікті іс-әрекетіне байланысты екенін атап өтті.

"Жас ұрпаққа, яғни сіздерге өркениетті, беделді, дамыған мемлекетті аманат етіп қалдыру. Осы жолда бәріміз табанды еңбек етуіміз керек. Ал Отанға қызмет қарапайым дүниелерден басталады. Тал егу, айналаңды таза ұстау арқылы елге пайдалы болуға, яғни ұлтқа қызмет етуге болады", – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы жастар мен волонтерлердің ел дамуына қосып жүрген үлесін жоғары бағалап, тазалық ең алдымен адамның ішкі мәдениетінен басталатынын айтты.

"Мен жастардың, еріктілердің елімізді көркейтуге қосқан орасан зор үлесін жоғары бағалаймын. Адал еңбектеріңізді ерекше құрметке лайық деп санаймын. Тазалық – ең алдымен, ішкі мәдениеттің өлшемі", – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың сөзінше, дәл осындай қасиеттер жауапты қоғам қалыптастырып, елді алға жетелейді.

"Ой-ниеті және ары таза адам ешкімге ешқашан қиянат жасамайды, ондай адам елін де сатпайды. Тәртіпке бағынып, түзу жолдан да адаспайды. Айналасына қамқор, жақындарына жанашыр болады. Елдің көшін алға бастап, ұлт сапасын жақсартуға атсалысады. Мен бәріңізді дәл осындай азамат деп есептеймін. Баршаңызға тағы да сәттілік тілеймін!" – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!