Мектептерде жаңа пәндер енгізіледі

Қазақстан мектептерінде жасанды интеллект технологияларын оқытуға бағытталған жаңа пәндер енгізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары, оқу бағдарламалары жаңартылған. Осы өзгерістер аясында бастауыш сыныптардағы "Цифрлық сауаттылық" пәні "Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект" деп, ал 5-11-сыныптардағы "Информатика" пәні "Информатика және жасанды интеллект" деп аталады.

Алайда жаңашылдық тек пән атаулары өзгеруімен шектелмейді. Оқу бағдарламаларына жасанды интеллектке қатысты арнайы бөлімдер енгізіліп, 43 жаңа оқу мақсаты бекітілген.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, бүгінде оқушылар жасанды интеллект құралдарын күнделікті өмірде белсенді пайдаланады. Сондықтан басты міндет - оларды бұл технологияны саналы, тиімді қолдануға үйрету.

Бастауыш сынып оқушылары не оқиды?

1-4-сыныптарға арналған бағдарламада "Медиасауаттылық және жасанды интеллект" бөлімі қарастырылған. Оның аясында 17 оқу мақсаты енгізілген.

Оқушылар жасанды интеллект қалай жұмыс істейтінін қарапайым мысалдар арқылы түсініп, цифрлық қауіпсіздік, жеке деректі қорғау және интернеттегі мінез-құлық негіздерін меңгереді.

Орта буында ЖИ мен киберқауіпсіздік оқытылады

5-9-сыныптарда "Компьютерлік ойлау және бағдарламалау" және "Денсаулық, қауіпсіздік және жасанды интеллект" бөлімдері енгізіледі.

Бағдарламада 14 оқу мақсаты қамтылған. Оқушылар жасанды интеллект құралдарын оқу барысында пайдалануды, сұраныстарды дұрыс құрастыруды, нейрожелілердің жауаптарын сыни тұрғыдан бағалауды, сондай-ақ, киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық талаптарын сақтауды үйренеді.

Жоғары сыныптарда машиналық оқыту негіздері оқытылады

10-11-сынып оқушыларына "Деректерді басқару және жасанды интеллект" бөлімі әзірленген.

Бұл бөлімде 12 оқу мақсаты қарастырылған. Бағдарламаға машиналық оқыту, нейрон желілер, деректі талдау және қолданбалы криптография негіздері енгізілген. Сонымен қатар, оқушылар заманауи жасанды интеллект жүйелерінің жұмыс қағидаттарымен танысады.

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, мектеп бағдарламалары технологиялар қарқынды дамуына, еңбек нарығындағы жаңа талаптарға және жасанды интеллект түрлі салаға кеңінен енгізілуіне байланысты жаңартылып отыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!