Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектеп дәретханалары мен асханаларының жағдайы туралы ақпарат жасырын сақталса, мектеп басшылары мен бөлім басшыларына қатаң шара қолданылатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Министрдің айтуынша, кейбір мектеп директорлары мектеп әжетханалары мен асханаларының жай-күйі туралы ақпаратты жасырады.
"Мектеп асханасы мен дәретханасына қатысты мәселені түбегейлі шешуіміз керек. Бізге жеткілікті ақпарат түспейді. Менің ойымша, мектептерде осы мәселелер ғана емес, проблема жетеді, бірақ олар айтылмайды. Менің қолымда бар ақпаратқа сәйкес, кейбір мектеп директорлары осындай ақпаратты жеткізгендерді жазалайды", - деді Аймағамбетов.
Министрлік басшысы әріптестерінен ақпаратты жасырмай, мектеп дәретханасы мен асханасына қатысты мәселені шешуге тырысуды сұрады.
"Жасырудың қажеті жоқ, асхана, дәретханаға қатысты шағым түссе, ешкімді жазаламаймыз. Тек осындай жағдай бар екенін білуіміз керек. Оны шешуін сұраймыз, ешкімді жазалаудың қажеті жоқ. Кемшіліктерді жоюға үлгересіздер. Бәрі шешілсе, ешқандай шара қолданылмайды", - деп қосты Асхат Аймағамбетов.