Петропавлда 9-сынып бітірген қыз биік қабаттан секіріп өлді. Суицидтің себебі белгісіз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, өзіне қол жұмсаған қыз 16-қабаттан секіріп кеткен, 9-сыныпты енді аяқтаған. Ұстаздарының сөзінше, оның оқу үлгерімі өте жақсы болған. Бірақ соңғы қоңырау салтанатына 15 жастағы қыз қатыса алмады.
Жантүршігерлік оқиға 31 мамырда күндіз болған. Мектептен шыққан Арина бағытын үйіне емес, жақын маңдағы тұрғын үй кешеніне бұрған. Әп-сәтте өзін өлімге қия салған оқушының мұндай әрекетке баруына не түрткі болғаны әзірге жұмбақ. Себебі соңғы қоңырауға қызу дайындалып, сыныбын безендірген олар мектептен көңілді шығыпты. Қуаныштан бал-бұл жайнаған жүзі суретке де түсіп қалған. Сондай-ақ мұғалімдерінің сөзінше, қорытынды бағаға қатысты да еш қиындық туған емес. Керісінше, тақтаға таласып шығып, электрон табелін 5-ке толтырған оқушының бірі сол болған екен.
"Үнемі мейірімді, беделді болды. Ешқашан мұғалімдерін, мені, ата-анасын қиын жағдайға қалдырған емес. Аринада 9-сыныпты бітіріп, колледжге кетемін деген жоспар болған емес. 11-сыныпты оқимын деп жүретін. Оның үстіне, өнерлі қыз еді, қолынан келмейтіні жоқ. Қай сабақ болмасын, барлық пәннің ұстазы мақтауын асырып отырады", - дейді Петропавл №40 орта мектебінің директоры Роза Мұрзатаева.
Еске салайық, 31 мамырда Петропавлда 15 жастағы қыз көпқабатты үйдің шатырынан секіріп мерт болғаны хабарланған еді.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, 31 мамырда сағат 15:15-те Петропавл полициясына Жамбыл көшесіндегі 16 қабатты тұрғын үйлердің бірінің төбесінде қыз баланың тұрғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына бірден полицейлер барған. Жедел-тергеу тобының қызметкерлері қайтыс болған қыз баланың жеке басын анықтады.
Алдын ала болжам бойынша, 15 жастағы қала тұрғыны көпқабатты үйдің шатырынан секіріп, өзіне-өзі қол салған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!