Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап барлық бастауыш сынып оқушылары, яғни миллионнан аса кішкентай балалар тегін тамақпен қамтылады. Осы жауапты тапсырманы орындау үшін тамақтану ғылымының заманауи ұсыныстары негізінде мектеп рационын басынан бастап дұрыс қалыптастыру маңызды. Бұл туралы Tengrinews.kz "Профилактикалық медицина академиясы" ҚБ және "Ұлттық салауатты тамақтану орталығы" РҚБ президенті – медицина профессоры Алмаз Шарманнан сұрады.
- Алмаз Төрегелдіұлы, дұрыс деп саналуы үшін мектеп оқушыларының тамақтануы қандай болуы керек?
- Мектептегі тамақтану қоректік, теңдестірілген, дәмді, тартымды, әртүрлі, қолжетімді, қауіпсіз, сонымен қатар экологиялық таза және ғылыми негізделген болуы керек. Бұл дегеніміз, мектептегі түскі ас балалардың күнделікті энергия қажеттілігінің үштен бірін қамтамасыз етуі керек, сонымен қатар ақуыздардың (энергияның шамамен 15 пайызы), майлардың (30 пайызға дейін) және көмірсулардың (55 пайызға дейін) ұтымды қатынасын қамтамасыз етуі керек.
Балалардың өсуі, дамуы және аурулардың алдын алу үшін дәрумендермен байытылған майы аз және тірі пробиотиктері бар сүт өнімдерін қосу қажет. Мектеп рационында көкөністер мен жемістердің болуы маңызды. Бұл жағдайда құрамында қант, тұз және қаныққан майлары бар, әсіресе өңделген тағамдарды тұтынуды мүмкіндігінше шектеп, құрамында қант бар сусындардан бас тарту қажет.
- Осы айтқандарыңызды ескерсек, сіздің ойыңызша, қазақстандық оқушылар дұрыс тамақтанып жүр ме?
- Біз елдің бірнеше аймағындағы мектеп мәзірінің тағамдық құндылын талдадық. Олардың көпшілігі қазіргі ғылыми ұсыныстарға сәйкес емес. Атап айтсақ, көмірсулар мен қаныққан майлардың көп мөлшері, сондай-ақ тағамдардың ұсынылған калория мөлшерімен сәйкес келмеуі байқалды.
Көбінесе мектептердегі балаларға қант қосылған сусындар беріледі. Олардың көпшілігінде қант коладағы мөлшерден кем емес. Мектеп асханаларында қант желе, компот және шайға артық мөлшерде қосылады. Айтпақшы, шай ішу анемияның даму қаупін арттырады. Бұл әсіресе, жасөспірім қыздарда көп кездеседі.
Сондай-ақ, біз мектеп тағамдарына тұздың көп қосылатынын, оның мөлшері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ұсынған нормалардан бірнеше есе көп екенін байқадық. Тұздың көп мөлшері шұжық секілді өңделген тағамдарда көп кездеседі.
- Артық қолданылған қант, тұз, қаныққан май, өңделген тағамдардың қаупі қандай?
- Олар қант диабеті, гипертония, жүрек жеткіліксіздігі, бауыр, бүйрек, ми ауруларының дамуына әкеледі. ДДСҰ мәліметтеріне сәйкес, жоғарыда аталған аурулардың 60 пайыздан астамы дұрыс тамақтанбауға байланысты.
Сондықтан мектеп мәзірін дайындау кезінде, ең алдымен, өнімнің тағамдық құндылығын ескеріп, созылмалы аурулардың даму қаупімен байланысты зиян заттардың құрамын азайту керек. Өкінішке қарай, мектеп оқушыларына арналған ас мәзірді дайындау кезінде бөлінген бюджетті жеткізу үшін бағаға көбірек назар аударады.
- Сонымен, мектеп мәзірі дұрыс жасалмаған жағдайда, бастауыш сынып оқушыларының тегін тамақтануына бөлінген миллиардтаған теңге ауаға кеткен ақша болуы мүмкін бе?
- Мектепте тегін тамақпен қамтамасыз ету әсіресе жағдайы төмен отбасыларға айтарлықтай көмек. Дегенмен, денсаулық факторларын ескермей жасалған мектеп мәзірін мен "уақыт бомбасы" деп атайтын едім. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 6-9 жас аралығындағы қазақстандық балалардың 20 пайыздан астамы артық салмақпен күреседі, ал шамамен 7 пайызы семіздікке шалдыққан. Соңғы екі онжылдықта балалар мен жасөспірімдер арасында семіздіктің айқын тенденциясы байқалған.
Біз балалардың үйде қалай тамақтанатынын білмейміз, сондықтан салауатты өмір салтын барлығы ұстанбауы мүмкін. Бұған мектеп асханасында тегін ұсынылатын зиян тағамды қосса, балалар арасында семіздік үрдісі жоғарылайды.
Бұл неге уақыт бомбасы? Өйткені, кейінірек көп балалар мен жасөспірімдер қант диабеті, гипертония, бауыр, бүйрек, ми аурулары сияқты созылмалы аурулары бар көптеген науқастардың қатарына қосылады. Бұл ауру денсаулық сақтау жүйесі мен қоғамға салмақ түсіреді.
- Ата-ана мен мектептің балада салауатты әдетті қалыптастыру жауапкершілігі қандай және олар мектептегі тамақтанудың сапасын қалай бақылай алады?
- Салауатты тамақтану әдеттері қарқынды физикалық және интеллектуалды даму, жаңа білім мен өмірлік дағдыларды үйрену кезінде қалыптасады. Басты жауапкершілік ата-анада.
Өкінішке қарай, мен көп отбасыдан байқайтын қателіктер мынадай. Кешке қарай мейрамханаға кішкентай балаларымен отбасы келгенде майлы палау мен түрлі тағамдар, тәтті сусындарға тапсырыс беріп, гаджеттеріне үңіліп отырады. Мұндай жағдайда дұрыс тамақтануды қалай үйретуге болады? Оған қоса, кеш жатады, жеткіліксіз ұйықтайды, гаджеттерге деген құштарлық арта береді.
Отбасылық тәрбиенің вакуумын мектепте дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыру арқылы толтыруға болады. Тиісті білім мен дағдыларды игеріп, оны мектеп оқушылары бауырлары мен ата-анасына тарататын делдал болады. Сондықтан мектепте тамақтанудың дұрыс жүйесі миллиондаған азаматқа аурудың алдын алып, ауыртпалықты едәуір азайтуға көмектесетін ауқымды мультипликативті әлеуетке ие.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!