Шымкенттегі №33 мектептің бір топ ата-анасы балаларын екі күннен бері оқуға жібермей отыр. Олардың сөзінше, дүйсенбіде мұғалімдердің бірін сабақ үстінен жедел-жәрдем көлігі алып кеткен. Кейін ұстаздан туберкулездің ашық түрі табылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Басшылық бәрін бізден жасырды" деген ата-аналар білім ұясы бір аптаға дейін жабылып, іші толық залалсыздандырылсын деген талап қойып отыр.
"Дәл бүгін балаларымды жіберген жоқпын. Кеше онлайн делінді. Бірақ соның өзінде "осындай жағдай болып жатыр" деген жоқ. Біздің жағдайдың анық-қанығын бүгін таңертең біліп отырмыз. Барынша бізден жасырды", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Ризвангүл Салимова.
Жиналған ата-аналардың айтуынша, бұл мектептен туберкулез алғаш рет табылып отырған жоқ. Екі жыл бұрын оқушылардың бірінен инфекцияның жабық түрі анықталған. Ата-аналар бұл жолы тіпті үрейленіп отыр. Себебі мұғалім бұл мектепте 10 жылдан бері сабақ беріп келеді жатыр.
Дәрігерлер де қауіп барын жасырған жоқ. Ақ халаттылар оқушыларды тексеретіндерін мәлімдеген.
"Қауіп бар. Бірақ балалар ауырып қалады деп ойламаймын. Манту сынамасын жасаймын. Манту сынамасының нәтижесін 72 сағаттан кейін көреміз. Дүйсенбіде оның нәтижесін көреміз. Оң нәтиже көрсеткендерге тест жасаймын", - дейді Шымкент қалалық №2 емхананың педиатор-дәрігері Мейрамгүл Тойшиева.
Жағдайды естіген оқушылардың көбі бүгін мектепке келмеген. Бірақ білім ұясының басшылығы ештеңеге қарамастан мектепте сабақ жалғасатынын айтады.
"Менде қаулы жоқ әлі. Жабуға рұқсатым жоқ", - дейді Шымкент қаласы №33 мектептің директоры Құттығыз Ахметова.
Айта кетейік, ауру анықталған мұғалім қазір тубдеспансерде емделіп жатыр. Санитария дәрігерлері одан туберкулездың ашық түрі табылғанын мойындады. Науқаспен 77 оқушы мен 139 мұғалім байланысты болғаны анықталған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!