- Негізгі бет
- LifeStyle
- Жаңа жыл туралы
Мектептегі жаңа жылдық іс-шараға ақша жинауға бола ма?
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептерде Жаңа жылдық іс-шараларды өткізуге ақша жинауға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бұған дейін айтқанымыздай, мектептерде ешқандай ақша жиналмауы керек. Жаңа жыл және басқа да іс-шараларға байланысты үнемі айтып отырамын. Бұған министрліктің бұйрығымен де тыйым салынады, сондықтан мектептерде ешқандай ақша жиналмауы керек. Бұл - Жаңа жылдық шараларға да, шыршаларға да қатысты талап. Кез келген іс-шараны ақша жинамай-ақ өткізуге болады", - деді Бейсембаев Үкіметтегі брифингте.
Министр кез келген іс-шара тек көңіл көтеруге емес, балаларды тәрбиелеуге бағытталуы керек екенін айтты.
"Сыйлықтарға қатысты сұраққа жауап бердім. Гүл сыйлауға бола ма? Иә, рұқсат етілген шаралар ретінде болады. Біздің мұғалімдер ешқандай сыйлық күтпейді", - деді ведомство басшысы.
Еске салайық, бұған дейін мектеп оқушылары қысқы каникулда қанша күн демалатыны туралы жаздық. Қысқы каникул 2024 жылғы 30 желтоқсанда басталады және 2025 жылғы 8 қаңтарды қоса алғанда 10 күнге жалғасады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова