ҚР Үкіметінің отырысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау аясында қабылданатын шаралар туралы баяндады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Президент жаратылыстану-математика және тіл пәндеріне басымдық беруді тапсырды.
Математика, физика, химия, биология пәндерін оқыту сағаттары артады. Оқу бағдарламалары жаңартылады. 2024 жылдан бастап халықаралық тәжірибеге сәйкес, 3-сыныпта ағылшын тілін оқыту бойынша сағаттар санын ұлғайту және қазақ, орыс тілдерін меңгеру үшін қажетті оқу жүктемесін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданатын болады", - деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, министр келесі жылы бұрын болмаған көлемде мектептердің құрылысы басталатынын айтты.
"Мысалы, тек елордада келесі жылы осы жоба аясында біз 20 жаңа мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, олардың әрқайсысы 2 мың орынға есептелген. Президенттің тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік осал отбасы балалары мектеп формасымен тегін қамтамасыз етіледі", - деп толықтырды министр.
Министр Мемлекет басшысы "Жайлы мектеп" жаңа ұлттық жобасын қабылдауды тапсырғанын, ұлттық жоба аясында 2025 жылға қарай 800 мыңнан аса оқушы орны іске қосылатынын, бұл үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешетінін жеткізді. "Жайлы мектеп" жобасы аясында құрылыс пен жарақтандырудың бірыңғай стандарты жұмыс істейтін болады.
"Жоба аясында ашылған мектептер заманауи пәндік кабинеттермен толық қамтамасыз етіледі. Жаңа мектептерде оқу алаңы ұлғайтылады. Бастауыш және жоғары сыныптар үшін жеке блоктар да қарастырылған. Тиісінше, олар жеке спорт залдар мен асханалармен қамтамасыз етіледі", - деді Аймағамбетов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!