Қазір мектепте Оқу-ағарту министрлігінің нұсқауынсыз жекелеген адамдардың ұйымдастыруымен өткізілетін балалардың білімін анықтауға, белгілі бір ақынның өлеңін оқытып, жарыстыруға арналған байқаулар секілді түрлі іс-шара көбейген. Ең қызығы, мұндай байқаулар ақылы түрде өткізіледі. Мектеп қабырғасындағы барлық іс-шараға бюджеттен қаржы бөлінетініне қарамастан, әлі де мұндай байқаулардың өткізіліп жатқаны қоғам көкейінде сұрақ тудырып отыр. Мұндай жекеменшік орталықтардың түрлі жарыс өткізуіне кім рұқсат береді? Оларға қарсы заң бар ма? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Ең алдымен, Желідегі ата-аналар чатына келген байқау туралы хабарламаларды тізіп көрейік.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта білім беру нарығында көптеген ақылы олимпиада мен басқа да зияткерлік іс-шаралар, оның ішінде шығармашылық байқаулар пайда болды, оларды негізінен білім беру саласында қызмет көрсететін жеке компания мен ұйымдар жүзеге асырады.
"Осы жекеменшік мекемелердің ішінде министрліктің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы №514 бұйрығымен оқушылар мен мұғалімдерге арналған тегін ұйымдастырылатын республикалық және халықаралық іс-шаралардың тізбесіне енгізілген мектеп оқушылары мен мұғалімдердің қатысуына министрлік ұсынған олимпиадалар мен жарыстардың атауларын пайда табу мақсатында қолданып жүргендері де бар. Бұл - ата-аналар, оқушылар мен мұғалімдердің сенімін алдап, ақша табу мақсатында жасалған мекемелердің маркетингтік айласы ретінде бағаланады", - деп жауап берді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі Massaget.kz тілшісінің ресми сауалына.
Сонымен қатар, министрлік жоғарыда аталған ҮРКЕР, Мың бала, Өрлеу-education секілді жекеменшік орталықтардың байқау өткізуі қаншалық заңды екеніне жауап берді.
"Заңды түрде ешқандай жергілікті немесе мемлекеттік органдар жеке ұйымдарға ақылы іс-шаралар өткізуге тыйым салуға құқығы жоқ. Осы ретте министрлік 2011 жылғы 7 желтоқсандағы №514 бұйрығымен оқушылар мен мұғалімдерге арналған тегін ұйымдастырылатын республикалық және халықаралық іс-шаралардың тізбесін бекітті", - делінген жауапта.
Осы тұста, Massaget.kz тілшісі бұрынғы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен 2011 жылғы 7 желтоқсандағы №514 бұйрығымен оқушылар мен мұғалімдерге арналған тегін ұйымдастырылатын республикалық және халықаралық іс-шаралардың тізбесіне шолу жасады. Байқауы тегін ұйымдастырылуы керек іс-шараның ішінде жоғарыда аталған ақылы байқаулар да бар болып шықты.
"Кенгуру" халықаралық математикалық ойын-конкурсы тегін ұйымдастырылуы тиіс тізімде екеніне қарамастан, оқушылар оған қатысу үшін ақы төлеп жүр.
Ал Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі өкілі бұл іс-шара ақылы негізде жүзеге асырылады және Орталықтың Жарғысына қайшы келмейтінін жеткізді.
"Дарын" РҒПО-ның (бұдан әрі – Орталық) мәліметіне сәйкес, бұл іс-шара ақылы негізде жүзеге асырылады және Орталықтың Жарғысына қайшы келмейді. Орталықтың барлық қаржылық есептілігі Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің мемлекеттік тізілімінде (ҚР ҚМ КГІП) бар.
"Кенгуру - математика барлығы үшін" ойын-конкурсы халықаралық деңгейде ұйымдастырылатындықтан, "Дарын" РҒПО халықаралық ұйымдастыру комитетінің мүшесі және Қазақстан аумағындағы өкілі ретінде жыл сайын жарна төлейді.
Жыл сайын халықаралық комитет алдын ала тапсырмалар қорын қалыптастырады, барлық қатысушы-мемлекеттердің өкілдерінің қатысуымен жиналыстар өтеді және конкурстың сұрақтарын осы қордан таңдап алып, бекітеді. Осы тапсырмаларды құрастыру және дайындау, оларды қазақ, орыс тіліне аудару қызметі ақылы түрде жүргізіледі", - делінген ресми жауапта.
"Кенгуру" халықаралық ойын-сайысына 100-ге жуық мемлекеттен 1-11 сынып оқушылары қатысады. "Кенгуру" халықаралық ойын-конкурсы мектеп оқушыларының математикадан білімін тереңдету және олардың сол пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында жылына 1 рет наурызда өткізіледі.
Бұған қатысты "Дарын" РҒПО Медиа бөлімінің өкілі де пікір білдірді.
"Кенгуру" халықаралық ойын-сайысы ешқашан тегін өткізілмеген, өйткені, бұл мемлекеттік бюджеттен тыс іс-шара. Байқау өткізілетін 100-ге жуық мемлекеттің бәрінде ақылы. Сонымен қатар, ұйымдастастыру-әкімшілік жұмысын жүргізуде интернет ресурстағы конкурс порталының қызметін, сервер жұмысын қамтамасыз етуге де қаржы жұмсалады. Іс-шараны ұйымдастыруға кеткен қаражатты өтеу үшін байқау ақылы түрде жүргізіледі", - деп түсіндірді "Дарын" РҒПО Медиа бөлімінің маманы.
Бұдан бөлек, тілші байқауға ақы төлеп қатысып, табысталған марапаттау қағазының оқушы болашағына қандай ықпал тигізетінін анықтап көрді.
"Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша, 2022 жылдан бастап жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, оларды дайындаған педагогтерге біржолғы сыйақы беру қарастырылған.
Алтын медаль жеңіп алған оқушы 1500 АЕК мөлшерінде, күміс медаль үшін - 1000 АЕК, қола медаль үшін - 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы алады", - делінген жауапта.
Алайда республикалық деңгейдегі немесе қарапайым ақылы байқаудың жеңімпазына табысталған марапаттау қағазының қандай пайдасы бар екеніне жауап ала алмадық.
Тағы да оқи отырыңыздар: Сарғайып кеткен пластикті қалай ағартуға болады?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!