- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мектепте оқушыларын тексеру...
Мектепте оқушыларын тексеру ұсынылды
Қостанай облысында мектеп оқушыларын білім ордаларына кірер кезде бастан-аяқ жеке тексерістен өткізу ұсынылып отыр. Бұл туралы өңірдің Полиция департаменті бастығы Ерлан Омарбеков білім ордаларының қауіпсіздігін күшейту жөніндегі жиында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазір баршамыз білеміз, оқушылар тарапынан мектептерге әкелуге тыйым салынған заттардың тізімі бекітілді. Бұл - құптарлық іс. Бірақ оқушыларды қатаң тексеруден өткізетін жұмыстың нақты тетігі осы уақытқа дейін назардан тыс қалды. Соның салдарын көріп отырсыздар", - дейді Қостанай облысы бойынша ПД бастығы Ерлан Омарбеков.
Облыс әкімі мұндай сақтық шарасын енгізбес бұрын мәселе әрбір мектептің ата-аналары мен ұстаздары арасында талқылануы керек екенін жеткізді.
"Жасыратыны жоқ, облыстың кейбір мектептерінде лицензияланған күзет қызметін зейнеткерлер жүзеге асырып жатыр. Облыстық полиция департаментінің бастығына балаларды кім күзететінін, оларды қорғау үшін қажет дағдылары бар-жоғын анықтау үшін мониторинг жүргізуді тапсырамын", - деді облыс әкімі.
Еске салайық, бұған дейін Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ әкеліп, үш баланы жарақаттағаны хабарланған болатын.
СҚО прокуратурасы мен Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, кәмелетке толмаған жасөспірім психиатриялық есепте тұр. Сондай-ақ, Петропавлдағы мектепте шабуыл жасаған оқушының маскасы мен балтаның суреті тарады.
Мешіт Ғазизұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова