Мектеп бітірген түлектер өз құжаттарын оқу орындарына тапсырып, грант нәтижелерімен танысып үлгерді. Кейбірі шетелде оқуға талаптанып жатыр. Сондай түлектердің бірі - әлемнің 7 еліндегі жоғары оқу орындарынан шақырту алған Айбек Бердіхан. Ол Massaget.kz тілшісіне оқуға қалай дайындалғаны туралы сұхбат берді.
Айбек Бердіхан - Шымкенттегі 125 High School мектебінің түлегі. Биыл әлемнің 7 елінің (АҚШ, Ұлыбритания, Түркия, Польша, Венгрия, БАӘ, Кипр) 28 университетінен шақырту алды. Жеңген гранттарының құны - 700 мың доллар. Олардың ішінде 2 грант - халықаралық студенттерге бөлінетін АҚШ президентінің гранты.
"Әлі жауап күтіп отырмын"
Айбек қай оқу орнын таңдайтынын нақтыламаған. Оның айтуынша, әлемнің біршама елінде оқу кезеңі кеш басталады және ол әлі жауап күтіп отырған университеттер бар.
Түлек экономика саласында мансап құрғысы келетінін айтты. Оған бұл саланың мамандары қай уақытта болсын және кез келген салада сұранысқа ие екені ұнайды.
"Бұл саланың маманы жоғары қаржылық сауаттылығының арқасында ақшаны қалай жұмсайтынын және оның ресурстарын көре алады", - дейді ол.
"500 мың теңгеден аса қаржы жұмсадым"
Бұдан басқа, Айбек мектеп қабырғасында өзінің оқуға құштарлығымен, белсенділігімен көзге түскен. Түрлі халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанған. Оның қоржынында "Супер чемпион", "Үздік оқушы" номинациялары бар, ал биыл мектепті үздікке бітіріп, "Алтын белгі" иегері атанды.
Айбек жоғары оқу орнына дайындықты ерте бастаған. Әдетте, шетелде оқу орындарына құжат тапсыру жыл басынан басталады. Айбектің айтуынша, оқу орындарына өтініш тапсыруды қаңтардың басында АҚШ-тың университеттерінен бастаған. Бірақ еліміздегі болған оқиға шетелде оқуға құжат тапсырған мектеп оқушыларына әсерін тигізген. Елде Интернеттің өшірілуі Айбектің де жоспарларын өзгерткен. Сол уақытта оның біраз құжаттары дайын болмай, тапсыру уақыты жақындап қалған кезде уайымға батқанын айтады.
Айбек шетелде оқуға құжат тапсыру үшін 500 мың теңгеден аса қаржы жұмсаған. Оның жартысы құжаттарын қабылдау жарнасы болса, қалғаны құжаттарын аудару мен дайындыққа кеткен.
"Мектепте қонған кездерім болды"
Болашақ студент оқуға түсу үшін аянбай еңбек еткен. Тіпті мектепте қонып эссе жазған кездері болған. Бірақ жігіт барлығына ата-анасының арқасында жеткенін айтып, оларға алғысын білдірді.
"Оқуға құжат тапсырған кезде мектепте бастаған жұмыстарым бітпей қалып, сонда күзетшімен бірге түнеген кезім болды. Қыстың кезі, суық болғанына қарамастан, ұйықтамай эсселер жаздым. Мектеп демалыс күндері де ашық болатын, сол кезде де уақытымды мектепте өткізетінмін. Бұлардың барлығы менің жасаған еңбегімнің ғана нәтижесі болып көрінгенімен, нағыз еңбекті ата-анам жасады. Оларға мені қолдағандары үшін шексіз алғысымды білдіремін", - дейді Айбек Бердіхан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!