Кей мектептерде жыл соңында жөндеу жұмыстарына немесе басқа да құрылыс жұмыстарына ата-аналардан ақша жинайды. Бұл заңды ма? Ол жайлы адвокат Эльнура Кишкенебаева өзінің инстаграм парақшасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Адвокаттың айтуынша, мектеп сізден құрылыс жұмыстарына ақша сұраса, сіз одан бас тарта аласыз.
"Мектепте жыл соңында қандай да бір құрылысқа ақша қаражатын жинайтын болса, ол - құқық бұзушылық. Егер де сіз сондай ақпаратты білген болсаңыз, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің сенім нөміріне (1450) хабарласыңыз. Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көрсетілгендей, әрбір мектептің құрылыс жұмыстарына ақша қаражаты бөлінген. Дегенмен сізден осы құрылыс жұмыстарына қандай да бір ақша қаражатын сұрайтын болса, ол - заңсыз", - деді Эльнура Кишкенебаева.