- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жаңа лауазым
Мектепте енгізілетін жаңа лауазым туралы не белгілі?
Келесі оқу жылынан бастап еліміздің колледждері педагог-ассистент дайындай бастайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрлігі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және мектептерде инклюзив білім беру ортасын құру бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр. Мұндағы маңызды қадамның бірі - педагог-ассистент мамандарын даярлау.
Қазір психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру есебінде (ПМПК) ерекше білім беруді қажет ететін 203 мың бала бар. Олар 496 арнайы білім беру ұйымдарында оқиды. Білім беру ұйымдарында инклюзив орта қалыптастыру мақсатында айтарлықтай жұмыстар жүргізілді: ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін балабақшалардың 69 пайызында, мектептердің 88 пайызында және колледждердің 80 пайызында жағдай жасалған. Мектептерде 1071 арнайы жасақталған кабинет жұмыс жасайды.
"Еліміздің мектептерінде "педагог-ассистент" лауазымы енгізіліп, мамандар саны бір жылда 1000-нан 2,5 мыңға дейін артты. Педагог-ассистент лауазымын мектепке дейінгі ұйымдарда енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен 9 мыңнан аса арнайы педагог жұмыс істейді. Мамандарға деген қажеттілікті ескере отырып, келесі оқу жылынан бастап еліміздің колледждерінде "педагог-ассистенттер" дайындау қолға алынып жатыр", - дейді Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бұтабаева.
Оқу-ағарту министрлігі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін білім алу жағдайын жақсарту және білікті кадрлармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
Бұған дейін не белгілі болды?
Еске салайық, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мүгедек балалармен жұмыс істейтін педагогтарға жаңа лауазым енгізілетінін айтқан еді.
Арнайы қолдауға мұқтаж балаларды оқыту, тәрбиелеу, оңалту 496 мамандандырылған білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқыту үшін мектепке дейінгі ұйымдардың 69 пайызында, мектептердің 88 пайызында, колледждердің 80 пайызында жағдай жасалған. Мектептерде 1071 арнайы жабдықталған кабинет бар. Мүмкіндігі шектеулі балалармен қазіргі таңда 9 мың арнайы педагог жұмыс істейді. Мектепке дейінгі ұйымдарда да "педагог-ассистент" лауазымы енгізіліп жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек