Бұрын ата-ана баласына "мектептегіні үйге, үйдегіні мектепке тасыма" деп үйрететін. Осы қағидамен тәрбиеленген балалар көп жағдайда өз ойын айтуға іркіліп жатады. Қазақстанда бала құқығы қалай қорғалады? Мектепте бала құқығы бұзылса, қандай да бір заң арқылы қорғала ма? Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы осы сауалдарға жауап беріп, бала құқығы қалай қорғалатыны, педагог тарапынан бала құқығы бұзылса, қандай шаралар қолданылатыны туралы айтып берді.
№1 Бала құқығы қандай заңдармен қорғалады?
"ҚР Конституциясы, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодексі, "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" ҚР заңы базалық нормативтік құқықтық құжаттар саналады. Бұл заңдар халықаралық конвенцияларға сәйкес келеді.
Сондай-ақ, бала құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жасау және жасөспірімдер арасында суицид мәселелерін шешуге қатысты 2020-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілген (ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 30 наурыздағы №156 қаулысы). Онда зорлық-зомбылық құрбандарының алдын алу және оларды қолдау мақсатында ведомствоаралық сипаттағы іс-шаралар көзделген. Оқу-ағарту министрлігі қоғамға ақпарат тарату және балалардың құқықтары бұзылған кез келген дерекке жол жоғын насихаттау мақсатында жыл сайын "Қатыгездіксіз және зорлық-зомбылықсыз балалық шақ" атты республикалық ақпараттық науқан өткізеді", - деді ведомство баспасөз хатшысы.
№2 Зорлық-зомбылық дерегі туралы хабарламаудың салдары қандай?
"ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-1-бабына сәйкес, білім беру ұйымдары қызметкерлері кәмелетке толмағандар немесе оларға қатысты жасалған қылмыстық, әкімшілік құқықбұзушылық белгілерін қамтитын әрекеттер туралы хабарламаса, әкімшілік жауапкершілік көзделген", - деді ведомство өкілі.
№3 Бала құқығы бұзылса, қайда хабарласу қажет?
"Бала құқығы бұзылған жағдайда балалар мен олардың ата-аналарына жедел көмек көрсету мақсатында комитет жанынан "74 25 28" сенім телефоны, BALA QORGAU Telegram-боты жұмыс істейді. Өтініштер жағдай толық шешілгенге дейін шұғыл қаралады.
Сонымен қатар, Қазақстанда оқушылар мен олардың ата-аналарына тегін консультация көрсету бойынша цифрлық жоба - "balaqorgau" веб-сайты іске қосылған. Сайт мектепте, үйде және көшеде қиындықтарға тап болған мектеп оқушыларына және олардың ата-аналарына көмектесуге арналған, балалар мен олардың ата-аналары QR кодын сканерлеу арқылы қолдана алады. Олар сайтта проблемаларды шешуге арналған кеңестерді біле алады. Сондай-ақ, қажет жағдайда нысанды толтыру арқылы балалар маманнан жеке кеңес алуға өтініш бере алады", - деді министрлік өкілі.
№4 Педагогке қатысты қандай заң бар?
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, 2019 жылғы 27 желтоқсанда "Педагог мәртебесі туралы" заң күшіне енген, онда педагогтердің кәсіптік әдепті сақтауы мәселелері қарастырылған.
"Педагог тарапынан тәртіптік этика бұзылса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес оның теріс қылығы педагогикалық этика жөніндегі мектеп кеңесі отырысында қаралады. Сонымен қатар, мұғалімнің іс-әрекетінде әкімшілік немесе қылмыстық құқықбұзушылық белгісі байқалса, Ішкі істер органдары міндетті түрде оның кінәсі бар-жоғын анықтау үшін тергеу шараларын жүргізеді", - деп жауап берді ведомство қызметкері.
Еске салайық, бұған дейін балаңыз буллинг құрбаны екенін қалай анықтауға болатынын жазған болатынбыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!