- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мектепте ақша жинағандар...
Мектепте ақша жинағандар қомақты көлемде айыппұл арқалайды
Мектепте ақша жинағандар қомақты көлемде айыппұл арқалайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, бүгінде білім саласына бөлінетін қаржы үш есеге дейін артқан. Бұл туралы Талдықорғанда өткен білім саласындағы жемқорлықтың алдын алуға арналған жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов мәлімдеді.
"Коррупцияға қарсы қызмет кейінгі үш жылда білім саласындағы 300-ден аса қылмысты тіркеді. 192 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 140 адам сотталды. Агенттік төрағасы біздің алдымызға нақты міндеттер қойды. Бөлінген қаржыны игерумен қоса жалақы төлеу мәселесі де жіті тексеріледі. Кемшіліктерді жою бағытында бірлескен шаралар қабылданып, еліміздегі барлық білім басқармасында коррупциялық қауіпке талдау жасау жұмыстары қолға алынды", - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектепте болған мұндай жағдайлар үшін білім ошағының директоры тікелей жауап беретінін айтты.
"Өзіміз қойдыра алмағаннан кейін бұл кісілер енді мектепте ақша жинайтын болса, ол анықталатын болса, 7 миллион теңге айыппұл төлейтін болады. Бүкіл ұжымға ескертіп қойыңыздар. Тиісті қаржы бөлініп жатыр. Сондықтан ешкімнен еш нәрсе жинаудың қажеті жоқ", - деді шенеунік.
Еске салайық, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті мектептерде қандай да бір сылтаумен жыл соңында ақша жинау деректеріне қатысты пікір білдірген болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова