"Мектепке дейінгі мекеме балаға бірінші кезекте тәрбие береді". Балабақша меңгерушісімен сұхбат

"Мектепке дейінгі мекеме балаға бірінші кезекте тәрбие береді". Балабақша меңгерушісімен сұхбат

Тәрбиелі, білімді, жан-жақты дамыған балалар - ертеңгі еліміздің болашағы. Сондықтан мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту - мем­лекеттік саясаттың ажырамас бір бөлігі. Мектепке дейінгі мекемелердегі білім беру жүйесі қандай? Тәрбиешілер гаджеттер әлемінде өсіп жатқан  балалардың білімге деген қызығушылықтарын арттыру үшін қандай әдістер қолданады? Мемлекет тарапынан балабақшаларға қандай жағдайлар жасалып жатыр? Massaget.kz тілшісі Алматы қаласы Әуезов ауданындағы №35 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Гүлнар Ақылбайқызымен сұхбаттасып, сұрақтарға жауап алды.

Балабақша – тәрбие көзі

Мектепке дейінгі мекеме балаға бірінші кезекте тәрбие береді. Бала балабақшада оқып, мектепке дайын болып шығуы керек деген пікір – көпшілік ата-ананың қате түсінігі. Тәрбиесіз білім – қоғамды өлтірумен тең. Тәрбиесіз білім болмайды. Қазақта "тәрбие тал бесіктен" деген сөз бар, тәрбиені бірінші ата-ана, одан кейін балабақша беруі керек. Балабақша бала тәрбиесінде үлкен рөл атқарады.

Мектепке дейінгі мекемедегі білім жүйесі қандай?

Біз 2022 жылға дейін 2 жасқа толған балаларды қабылдайтынбыз. 2023 жылдан бастап балабақшаға 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар келе алады. Ал біз биылдан бастап 1,5 жастағы балаларды қабылдап жатырмыз. Балабақшаға келетін бала қолына қасық ұстай білуі керек және әжетханаға сұрана білу керек. Бұл жастағы бала өздігінен немесе апайдың көмегімен киіну, орындықты түзу қою, отыру, орнынан тұру секілді басқа нәрселерді балабақшадан үйренеді.

3-4 жас аралығындағы балалар ортаңғы топқа барады. Олар түстерді ажыратуды, 5 түс және 5-ке дейін тура және кері санауды үйренеді. "Сөренің қасына барып ойыншықты алып кел, оны апарып орнына қой, ойыншықтарды жина" деген секілді нәрселерді түсініп, орындауды үйренеді. Мұның барлығы баланы тәртіпке үйретеді, алайда ең қиын жас – орта жас. Себебі бұл жас аралығы балалардың енді дамып, тілі шығып келе жатқан кезі. Сондай-ақ олар бұл жаста белсенді болып кетеді, бір орында отырмайды, бәрін білгісі келіп тұрады, сұрағысы келіп тұрады, бірақ тіл жоқ. Балалардың шамамен 80%-ында тілі шықпаған. Бұл қазіргі заманның өзекті проблемасы.


almatybala.kz

5-6 жасқа келген балаларды мектепке дайындаймыз, бұл кезде біз балабақша сауатын ашамыз. Бұл ретте 5 саламен жұмыс істейміз: таным, коммуникация, денсаулық, әлеуметтік, шығармашылық. Балалардың зейінін ашып, жан-жақты дамыта отырып, жұмыс істейміз. Көпшілік қазіргі заман талабына сай бала көп нәрсені білу керек деп санайды. Бірақ балабақшада біз тек балалардың сауатын ашамыз. Десе де, әрине, менің тәрбиешілерім өздерінің міндетінен артық жұмыс істеп, балаларды оқытып, мектепке 100% дайындап жіберіп жатыр. Осы уақытқа дейін ата-аналардан "менің балам мектепке дайын емес екен" деген секілді жағымсыз іпікір келіп түскен жоқ. Балалар жанымыздағы №86 гимназия-мектепке барып жатыр. Барлығы тесттен жақсы өтіп, гимназияға түсіп жатыр.

"Құм-тас терапиясы - біздің балабақшаның ішкі методикасы"

Біздің балабақшаның ерекшелігі - соңғы 3 жыл бойы біз өлі табиғатпен, яғни, көбіне құммен және таспен жұмыс істейміз.  Бала қолымен құмды немесе тасты ұстаған кезде ол оның жалпы дамуына пайдалы әсер етеді. Сондай-ақ, ол баланың көңіл күйін көтереді, құм саусақтардағы және алақандағы жүйке ұштарын ынталандырады, ұсақ моториканы дамытады. Бірақ бізге құм терапиясының арнайы сертификаты керек. Алайда біздің елде әзір ондай сертификат беретін жер жоқ, сондықтан оны оқи алмай отырмыз.  Алдағы уақытта оқытатын арнайы жер ашылып жатса, біз құм терапиясын тереңірек дамытып шығамыз деген жоспарымыз бар. Қазір біздің балалар құм терапиясымен жұмыс істейді, бірақ біз оны ресми түрде ашқан жоқпыз. Бұл біздің балабақшаның ішкі медотикасы.

Балабақшада қандай үйірмелер бар?

Мен оқу жылының басында түрлі үйірмелерді зерттеп, олардың пайдасы жайлы оқып, ішінен балалар мен ата-аналарға тиімді болатын түрлерін таңдауға тырысамын. Мысалы, бізде музыка, би, таэквандо, изо үйірмелері бар. Изода балалар түрлі түсті бояумен сурет салады, бұл бала миының дамуына өте пайдалы. Ал таэквандоны таңдаған себебім - оған ұлдардың да, қыздардың да қатыса алуы. Мысалы, каратэ немесе дзюдоға тек ұлдар қатыса алады. Сондақ-ақ таэквандода балалар бір-бірлерін қолмен ұрмайды. Келесі оқу жылында тағы да түрлі қосымшалар қосу жоспарымда бар. Себебі өздеріңіз білесіздер, қазіргі заманауи балаларды таңғалдыру қиын.


almatybala.kz

"Бізде инклюзивті білім беру жүйесі аясында психолог пен логопед жұмыс істейді"

Психолог мектеп алды даярлық тобындағы барлық балалармен жұмыс істейді. Сондай-ақ ол ПМПК-дан (психологиялық, медициналық, педагогикалық комисссия) өтіп, анықтама алып келсе, ол баламен психолог пен логопед жеке жұмыс істейді. Балабақшаларда инклюзивті білім беру жүйесі іске қосылды, яғни әр топқа мүмкіндігі шектеулі және денсаулығы нашар 3 балаға дейін алу рұқсат етілді. Әрине, топқа мұндай балалар қосылғандықтан тәрбиешілерге қиындау. Кей балалар ортаға бейімделіп кетіп, ата-анасы қуанып жатады. Олар басқа балаларға еріп, олардың әрекетін қайталап, сөйлеп, жақсы болып кетеді. Ал жағдайы ауыр балаларға қиын. Біз мұндай кезде жылдың басында ата-анасына түсіндіріп айтамыз: бізде мамандар, яғни психолог пен логопед баламен күнде жұмыс істей алмайды. 1 штатқа 12 бала берілсе, олармен мамандар кезекпен аптасына 2 рет жұмыс істеп отырады. Бұл жағдайы ауыр балаларға аз болуы мүмкін. Бірақ мен бізідің балабақшадағы психолог пен логопедтің биылғы жұмыстарының нәтижесін 100% деп бағалаймын. Бізде Дауна синдромымен 2 бала, аутизм мен 2 бала және тіл жағынан кей дыбыстарды айта алмайтын, тілі кідірісі бар балалар бар. Мысалы, аутизмі бар бала сөйлеп кетті, тақпақ айтатын болды, өзі киініп, тамақ ішіп үйренді. Ол қазір жеке меншік мектепке кетті. Ал Даун синдромы бар қызымыз анық сөйлемесе де, тақпақ та айтып, би де билеп үйренді. Анасы қызын мектепке биыл емес, келесі жылы бергісі келіп отыр. Бірақ біз құрдастарынан қалдырмаңыз деп өтініп отырмыз. Себебі бұл қыздың қабілеті мықты. Әрине, біз мұндай оң нәтижелерге қуанамыз.

"Ата-анамен тығыз байланыста болу мақсатында жиі іс-шаралар ұйымдастырамыз"

Оқу жылының басында әдіскермен бірге отырып, баланың жас ерекшелігіне қарай жылдық жоспар құрамыз. Жоспарды 1 жылға жасап, оны айларға бөлеміз. Жоспар құру кезінде мейрамдар мен атаулы күндерді ескереміз. Мысалы, білім күні, қарттар күні, жаңа жыл, жеңіс күні және т.б.

Сондай-ақ ата-анамен тығыз байланыста болу мақсатында арнайы іс-шаралар жиі ұйымдастыруға тырысамыз. Сол кезде ата-аналар балабақша жұмысының бір жағынан қиын, бірақ екінші жағынан өте қызық екенін түсініп жатады. Олар баламен бала болып, өздеріне жаңашыл нәрселер ашып жатады. Алда ата-ана мен тәрбиеші арасында сайыс өткізу жоспарымда бар. Ол білім жағынан немесе спорт жағынан болуы мүмкін.

"Кез келген ата-ана балабақшаға келіп, балалардың бес мезгіл жейтін тамағының дәмін көре алады"

Біздің балабақшада ашық есік күні бар. Кез келген ата-ана келіп, балабақшада берілетін бес мезгіл тамақтың дәмін, сапасын, мөлшерін көре болады. Себебі кей ата-аналар "менің балам балабақшадан аш келеді, тамақ дұрыс бермейсіздер ме" деп сұрап жатады. Бізде калориясы аздау, буға, суға пісетін пайдалы тағамдар. Сондай-ақ бала балабақшада көп қимылдайды, ойнайды, секіреді. Белсенді қимылдаған баланың қарны тез ашады. Егер бала үйде қозғалмай, телефон қарап жата берсе және қанты көп тағамдар жесе, әрине, оның қарны ашпайды.

"Тәрбиешілердің жалақысы 4 жыл қатарынан өсіп келеді"

Тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 4 жыл қатарынан 25%-ға өсіп келеді. Сонда былтыр 100 % толық көтерілді деген сөз. Биыл қыркүйек айында тағы 30% қосылады деп айтылып жатыр. Алайда тәрбиеші көмекшісінің, техникалық қызметшілердің және басқа да қызметкерлердің жалақысын өсірсе екен дейміз.

"Балалардың қауіпсіздігі үшін мемлекет тарапынан бізге күзет қызметі берілді"

Мемлекеттің тарапынан қосымша қаржы беріліп жатыр. Біз конкурс арқылы ойнатып, ұтып алған фирмамен келісім-шартқа отырамыз. Балалардың қауіпсіздігі үшін бізге арнайы күзет беріледі. Күзет фирмасы алдыңғы аптада бізге келіп, жан-жақты қарап, тексеріп, бәрін бақылап көріп кетті. Олар 1 шілдеден бастап жұмысқа кіріседі. Енді артық адам балабақшаға кіре алмайды.

"Айгөлек" қосымшасы не үшін қажет?

Бұл – электронды табель. Сол электронды табель арқылы баланың балабақшаға келгенін көріп отырамыз. Жеке өзіме оның ыңғайлы тұсы - ата-ананың баланы балабақшаға әкеліп, тәрбиешінің қолына тапсырып, оны электронды түрде белгілегенін көрсетуі. Өйткені, бұрын кей ата-аналар баланы балабақшаға сырттан кіргізіп жіберіп, өздері кетіп қалатын. Ал қазір олар "Айгөлекті" көрсету үшін тәрбиешінің алдына келеді. Оған қоса, бұл қосымшаны балабақшаға келіп қана белгілей алады. Себебі онда геолокация іске қосылған.

almatybala.kz

"Балабақшаға баланы орналастыру қиын емес"

Көп ата-ана "кезекте баяғыдан тұрмыз, кезек жылжымайды" деп балабақшаға баланы орналастыруды қиын көреді. Қазір қала бойынша жалпы кезек. Нақты уақытын білмеймін, бірақ Қазақстан бойынша жалпы кезек болады деген жоспар бар. Алайда сіз кезекті күтуге міндетті емессіз. Қазір барлығы электронды түрде. Balabaqsha.bilimalmaty.kz сайтына өзіңіздің жеке электрондық кілтіңізбен кіріп, өзіңізге ыңғайлы мекенжайдан, қалаған балабақшаны таңдай аласыз. Электронды түрде баланы кезекке қойып, балабақшада бос орын болса, орын ала аласыз. Қазір бәрі ыңғайлы етіп жасалып қойылған, қағаз түрінде кезекте тұрмайсыз немесе бір жерден екінші жерге жүгіріп жүрмейсіз. Ешқайда шықпай, үйде отырып, орын ала аласыз. Егер сіз қалаған балабақшада бос орын болмаса, Balabaqsha.bilimalmaty.kz сайтын бақылап жүріңіз, ол жерде бос орындар жайлы хабарлама беріп отырады немесе 1308 нөміріне хабарласып, балабақшаға қатысты қажет мәліметтерді ала аласыз. Әдетте, мамыр айының аяғында балабақшаға орын бөлінеді.

"Балабақшаға баланы әкелерде алдымен ата-ана өзі дайын болса екен"

Барлық ата-анаға беретін кеңесім, балабақшаға баланы әкелерде ең бірінші өздеріңіз дайын болыңыздар. Өйткені, 2 жастағы бала балабақшаға, көпшілік ортаға, қарым-қтынасқа, басқа тәрбиешіге тез үйреніп кетеді. 2 жастағы бала тәрбиешіні екінші анасындай жақсы көріп кетеді. Өйткені, оған бұл жаста мейірім ғана керек. Мысалы, 3-4 жастағы балаларға қызықты ойыншыққа, тәтті нәрсеге қызыға отырып бейімделеді.

Алайда кей ата-аналар баланы балабақшаға алып келгенімен, өздері дайын болмайды: "бүгін жылап қалды, балам құлап қалған шығар, тамақ ішпеген шығар" деп уайымдап, жүрегі ауырып отырады. Ал ол уайымды бала сезеді де, баланың үйренуі қиын болады. Бұл менің 13-жылдық тәжірибемдегі көзім жеткен нәрсе.

Сондай-ақ, көпшілік ата-ананың жиі жіберетін қателігі - балабақшадан үйге барғаннан кейін баламен сөйлеспеу. Бәрі емес, бірақ көпшілігі балаға гаджет беріп қояды. Соның себебінен қазір тілі кеш шығатын, сақау балалар өте көп. Кей ата-ана баласына жайға дейін телефоннан мультфильм қарауға рұқсат беріп, ұйқы режиімін сақтамайды. Түнде дұрыс ұйықтамаған баланың миы дамымайды. Ата-аналар осы нәрселерді ескерсе екен деймін.

"Еңбек жолымды осы балабақшада аспаз көмекшісінен бастадым"

Мен еңбек жолымды осы жерде 2009 жылы аспаздың көмекшісі болып бастадым. 2010 жылы тәрбиешінің көмекшісі, 2011 жылы тәрбиеші, 2018 жылы әдіскер, 2020 жылы меңгеруші қызметіне отырдым. Негізі мамандығым - бастауыш оқыту педагогикасы. Осы балабақшада жұмыс істеп бастағаннан кейін осы саланы таңдаймын, осы салада дамығым келеді, балаларды зерттеп, оларды жан-жақты дамытқым келеді деп педагог-психолог мамандығын оқып алдым.

Бұрыннан арманым – көзі көрмейтін балаларды оқыту болатын. Сөйтіп, дефектолог мамандығын оқығым келген, бірақ кезінде балым жетпей қалып, оған түспей қалдым. Содан соң "бастауыш оқыту педагогикасына" тапсырдым. Ол кезде бастауыш мамандығымен мектепке де, балабақшаға да жұмысқа кіре алатын. Ал қазір балабақшада тәрбиеші болу үшін "мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу" мамандығы қажет.

Балаларды жақсы көргендіктен, балабақшаны таңдадым деп ойлаймын. Кейде ашуланып келіп, топтарды аралап, балаларды көрген кезде барлық қиындықты, проблеманы ұмытып кетемін. Барлығын құшақтап, иіскеп аламын. Балалардың қылықтары тәтті, бірі әдемі киімін, екінші ойыншығын көрсетіп жатады. Балаға ересектерден зейін мен махаббат қана қажет.

Егер балаға деген махаббат болмаса, балабақша жұмысына шыдау қиын. Жұмысқа келген жас мамандар шыдамай кетіп қалып жатады. Балалардан бұрын оларға ата-аналармен жұмыс істеу қиын. Оған ортаның, қоғамның кінәсі бар шығар деп те ойлаймын. Жасыратыны жоқ, қазір көпшілік адам ашуланшақ және сөз көтере алмайды. Бізге әр үйдің кенже, жалғыз, ерке балалары келеді. Оларды тәрптіпке үйрету, зейінін ашу, жан-жақты дамытуда балабақша қызметкерлері өз үлестерін қосады.

А. Жапатова