- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мектепке 9 жасымда...
"Мектепке 9 жасымда бардым". TikTok-та миллион оқырманы бар ерекше суретшімен сұхбат
22 жастағы Рауаж Жарылқасынов TikTok-та суретші ретінде танымал. Ол қағазға сурет салумен қатар, қатты қағаздан танымал тұлғалардың портретін жасайды. Massaget.kz тілшісі әлеуметтік желі арқылы танылған суретшімен сұхбаттасты.
"Есімімді нағашы әжем қойған"
Рауаждың есімін нағашы әжесі ырымдап қойған.
"Отбасымда үш ағайындымын. Үйде ортаншы баламын. Туғанда ернімнің үстінде тыртық болды. Оны қазақта "қоянжырық" деп атайды. Есімімді нағашы әжем ернімдегі тыртыққа сай ырымдап қойды. Рауаж "рауажланып, дамып кетсін , еріні өсіп кетсін" деген мағына білдіреді. Сондай-ақ, сирек кездесетін рауаж деген шипалы гүл бар. Сонымен де байланыстырған болуы мүмкін", - деді ол.
Кейіпкеріміз мектепке кеш барған. Оған ерніндегі тыртық себеп болған.
"Алматы облысы, Қарасай ауданы , Ұлан деген ауылдағы мектепті бітірдім. Мектепке 9 жасымда бардым. Себебі денсаулығыма байланысты мені 7 жаста қабылдамады. Мектепке кеш баруым осы өнерге жақындатты десем болады. Әпкемнің дәптерлерінің артына шимайлап, түрлі суреттер сала беретінмін. Ойыма түрлі идеялар келетін. Сөйтіп, суретке қызығушылығым оянды. Кішкентай кезімде салған суреттерім әлі күнге дейін сақтаулы. Анам жас кезінде сурет салатын, мүмкін анам арқылы дарыған шығар деп ойлаймын.
Мектепті бітірген соң бір жыл колледжде "Қолөнер" мамандығында оқыдым. Кейін келесі жылы университетке ауысып кеттім. Қазір Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 2-курста кескіндемеші мамандығында грантта оқимын. Ай сайын стипендия аламын",- деді ол.
"Алғашқы туындымды 150 мың теңгеге саттым"
Рауаж қазір әлеуметтік желіде қатты қағаздан танымал тұлғалардың портретін жасайды.
"Қатты қағаздың қиындыларынан портрет жасауды әдетке айналдырдым. Бұл өнер түрі қалай аталатынын білмеймін. Өзім бұрыннан қатты қағазбен түрлі нәрсе жасағанды ұнататын едім. Көшеде таза қатты қағаздар көрсем, пайдалану үшін өзіммен бірге алып кетемін. Ең алғаш осы қатты қағаздан футболист МБаппенің портретін жасаған едім. Содан кейін көбісі қызығып, әртүрлі танымал тұлғаларды пікірге ұсынып кететін. Сурет салудың әдіс-тәсілдері көп қой. Бұл да сурет өнерінің бір түрі деп ойлаймын. Әзірше белгілі адамдардан жеке қызығушылық танытып жатқандар жоқ", - деді ол.
Танымал блогерлер қолдау білдіріп, оның ішінде суретін сатып алғандар да бар екен.
"Әлеуметтік желідегі парақшамды қолдап жүрген жандар көп деп айтар едім. Маған жазылған, өнерімді қолдайтын оқырмандар, қарапайым халықпен бірге, қолдау көрсетіп жүрген блогерлер де бар. Мәселен, блогер NNN Нұрдаулет, танымал визажист, Димаш Құдайбергеннің жеке визажисті Сәнди Бексырғаны айтар едім. Сәнди Бексырға бір туындымды екі жыл бұрын 150 мың теңгеге сатып алып, маған қолдау білдірген еді. Ең қымбатқа сатылған суретім деп соны айтар едім. Суретте акрил бояуымен салынған, жылқылар бейнеленген еді. Оның жақсылығын, қолдауын ешқашан ұмытпаймын. Себебі алғаш сатылған туындыларымның бірі болды. Жалпы сурет салудан бөлек қолөнермен айналысамын. Алдағы уақытта бұйырса көрсете алмай жүрген дүниелерім жарыққа шығады", - деді ол.
"Әлеуметтік желіде лақап атпен тіркелдім"
Суретші жігіт портрет жанрына және қабырғаға сурет салуға тапсырыс қабылдайды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Оқырмандарымның көпшілігі мені TikTok желісі арқылы таниды. Миллионнан астам оқырманым бар. Суретке тапсырыстарды осы ТикТок-тан көріп, жеке нөміріме жазып жатады. Жалпы портреттерге тапсырыс қабылдаймын. Уақытым болса, қабырғаға сурет те саламын. Негізгі табыс көзім - осы. Кейде тойларға даяшы болып шығып тұрамын", - деді ол.
Рауаждың әлеуметтік желідегі аккаунты лақап ат, ойдан құрастырылған. Дегенмен, көпшілігі мұны шын есімі екен деп қалатынын жасырмады.
"Алдаров деген ойымнан шығарылған лақап ат. Аккаунтымды да солай қойдым. Шын есімімді білетіндер де бар, кейбірі Алдаров деп те ойлайды", - деді ол.
"Жеке көрмемді ашқым келеді"
Кейіпкеріміз ата-анасының қолдауы ерекше шабыттандыратынын атап өтті.
@aldarovi Ответ пользователю @jambo_1020 ♬ snowfall - Øneheart & reidenshi
"Мені өнерге шабыттандыратын нәрсе көп. Олардың ішінде музыка, кітап, фильм, жылы лебіздер, өнер адамдары, табиғат. Тізе берсем көп. Танымал тиктокер, блогерлердің суреттерін жасаймын. Көбінесе рахмет айтып, жауап береді. Пікірлерін жазып жібереді. Бірақ маған ең үлкен шабыт беретін жан - ата-анам, олардың маған деген сенімдері. Әкем әр ісіме үнемі көмектесіп, керек заттарымды әкеліп береді. Мәселен, қатты қағаздардың бәрін әкем әкеліп береді", - деді ол.
Оның айтуынша, болашақта жеке көрмесін ашу - негізгі мақсатының бірі.
"Болашақта, шынымды айтсам қай саланы таңдайтынымды әлі білмеймін. Дегенмен, жеке көрмемді өткізгім келеді. Басқа адамдар көрмемді көріп, шабыттанса деймін", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы