- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мектеп тарихындағы алғашқы...
"Мектеп тарихындағы алғашқы жағдай". Алматылық оқушы АҚШ-тағы технологиялық институттан шақырту алды
Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Ерсұлтан Пітебай АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Массачусетс технологиялық институтынан (Massachusetts Institute of Technology, MIT) шақырту алды. Бұл мектеп тарихындағы алғашқы жағдай, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқушы шетелдік оқу орнына түсуіне қатысты пікір білдірді.
"Менің ойымша, MIT-ке түсу-бұл менің ата-анамның, достарымның, мұғалімдерімнің, олимпиадалардың және мектепте оқып жүрген кезімде ғылымды үйренуге деген ерекше ықыласымның нәтижесі. Мен MIT-ке түскеніме өте қуаныштымын және сол жерде физиканы зерттеуді жалғастыруды жоспарлап отырмын", - дейді Ерсұлтан.
Шақырту
Ерсұлтан Пітебай-физика пәнінен халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Ең маңызды жеңістері – IOAA астрофизика және астрономия бойынша халықаралық олимпиададағы алтын (2021-2022), сондай-ақ IPhO физика бойынша халықаралық олимпиададағы күміс жүлделері (2021-2022).
Айта кетейік, QS университеттерінің әлемдік рейтингісі бойынша Массачусетс технологиялық институты рекордтық көрсеткішін жалғастырып келеді: ол тоғыз жыл қатарынан бірінші орында келе жатыр. Ол Гарвард, Стэнфорд, Калифорния, Оксфорд, Кэмбридж университеттерін басып озды.
Университет робототехника мен жасанды интеллект секторлары және ақпараттық технология, физика, химия және математика салаларын оқыту жүйелері бойынша ең таңдаулы болып саналады. Сонымен қатар, университет менеджмент, экономика, лингвистика, саяси ғылымдар және философия салаларын оқытуымен де танымал.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина