Қазақстандық оқушылар арасында кең таралған аурулардың бірі аталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің Қаржы және бюджетті жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, кейінгі жылдары оқушылар арасында сколиозбен сырқаттанушылықтың өсуі байқалғанын айтты. Оның айтуынша, себептердің бірі - мектеп жиһазын орналастыру кезінде оқушылардың бой және жас ерекшеліктерін ескермеу.
"Кейінгі жылдары мектеп оқушылары арасында сколиоз ауруы екі есе өсті. Сондықтан "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында жиһазға баса назар аударылды. Сонымен қатар, балалардың физикалық ауыртпашылығын азайту және оларды ыңғайлы ету үшін мектеп керек-жарақтары ауыстырылып, барлық мектепте киім сақтауға арналған жеке шкафтар болады. Мектептердің әр қабатында ауызсу бұрқақтары орнатылады", - деді Ғалымжан Молдаш.
Білім министрлігі өкілінің айтуынша, ерекше қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау мақсатында әрбір мектеп пандус, лифт, көтергіштер мен санитарлық тораптармен жабдықталады.
"Қазіргі уақытта мектептердің ешқайсында лифт жоқ. Сондықтан, балаларға жағдай жасау үшін енді салынатын барлық мектеп лифтпен және құрылғылармен жабдықталуы керек. Ұлттық жобаны іске асыру үшін 30-дан аса мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмылдырылды. Олардың әрқайсының рөлі мен жауапкершілігі анықталды. Оқу-ағарту министрлігі ұлттық жобаның сапалы іске асырылуын қадағалап, әдістемелік қолдау көрсетеді. "Самұрық-Қазына" және өңірлердің әкімдіктері мектептердің сапалы құрылысы мен оларды пайдалануға өз уақытында беруге жауапты", - деп түйіндеді ол.
Жаздың соңғы айында ата-аналар балаларын дәстүрлі түрде мектепке дайындайды. Форма, сөмке және басқа да керекті заттарды сынып жетекшіден алынған тізімге сәйкес алуыңыз керек. Балаңызды 1 қыркүйекке дайындау қанша тұратынын мына сілтеме бойынша оқи аласыз.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!