Білім министрлігі Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов мемлекеттік стандарттағы жаңа білім беру бағдарламасына енгізілген өзгерістер туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекеттік стандарт 2026 жылы енгізіледі.
"Сәйкесінше, біз айтқан жаңа талаптарға сәйкес, мысалы, жасанды интеллектіге қатысты кейбір міндеттер де өзгеруі мүмкін. Ал дәстүр бойынша Мемлекеттік білім беру стандарттарына бір өзгеріс енсе, бағдарламалар да және заңдылықтарға сай оқулықтар да өзгереді", - деді Қаратабанов Оқушылар сарайының кулуарында.
Журналистер спикерден "Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана) сияқты қалалардың атаулары оқулықтарда өзгертіле ме?" деп сұрады.
"Оқулықтардың белгілі бір мерзімге шығарылатынын түсінулеріңіз керек. Егер осы аралықта қандай да бір маңызды оқиғалар болса, онда осы кезең аяқталғанша оқулықтар жаңартылмайды. Сондықтан жаңартылған оқулықтар шығады, онда қазіргі ономастика, қазіргі топонимика, қазіргі атаулары ескеріледі. Осыған байланысты алаңдауға негіз жоқ деп есептеймін", - деді спикер.
Ол сондай-ақ мемлекеттік стандарт бойынша пәндерді біріктіруге болатынын, алайда бұл тек мектеп басшылығының немесе мұғалімдердің сұрауы бойынша ғана іске асырылатынын айтты.
"Химияны, физиканы, биологияны жаратылыстануға, дүниежүзілік тарих пен құқық негіздерін әлеуметтік ғылымға, алгебра мен геометрияны математикаға біріктіруге болады", - деп мысал келтірді Қаратабанов.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лес