- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мектеп оқулығын тепкен...
Мектеп оқулығын тепкен баланың видеосына қатысты министрлік жауап берді
Балағат сөздер айтып, кітапты тепкен баланың әлеуметтік желіде тараған видеосына қатысты Оқу-ағарту министрлігі түсініктеме берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мектеп оқулықтарын түрлі боқтық сөздермен балағаттап, аяғымен тепкен белгісіз оқушының видеосы желіде тарап кетті. Видео сыртындағы оқушының бұл ісі көптің ашуына тиіп, талқыға түскен болатын.
Massaget.kz редакциясы бейнедегі іс-әрекетке қатысты ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдап, ресми жауап алды.
"Аталған оқиға бойынша Жамбыл облысының білім басқармасы балалармен және ата-аналармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ барлық білім басқармаларына балалармен және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы ұсыным берілді", - деп жауап берді министрлік.
"Видеодағы баланың тұлғасын анықтау әзірге мүмкін болмады. Себебі видеода оның тек дауысы ғана естіледі", -деп қосты министрлік.
Жағдай бойынша тиісті шаралар қабылданғаны да айтылды.
Ескерту: видеода бейәдеп сөздер қолданылғандықтан, дауысы өшірілді
Сондай-ақ ведомство балалардың бойында отаншылдық, адамгершілік, жауапкершілік пен адалдық қалыптастыруға бағытталған "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Д. Литпин