Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп формасына қатысты маңызды сауалға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы шенеунік Ana tili газетіне берген сұхбатында айтты. Министрге "Кейінгі жылдары мектеп формасына қатысты пікірталас жиіледі. Бірі бірыңғай мектеп формасы тәртіп пен теңдікті қамтамасыз етеді десе, енді бірі оқушыларға еркіндік беріп, ыңғайлы киім үлгісіне көшу керек деп санайды. Сіздіңше, мектеп формасы міндетті болуы керек пе?" деген сауал қойылған.
"Мектеп формасы оқушылардың әлеуметтік жағдайына қарай жіктелуіне жол бермеуі керек. Оның негізгі мақсаты - мектептегі әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету. Бұл мәселе тек Оқу-ағарту министрлігінің құзыретіне жатпайды. Бұл - бірнеше мемлекеттік органның бірлесіп қарайтын мәселесі. Біздің ойымызша, мектеп формасына қатысты бірыңғай стандарт қалыптастыру қажет. Қазір әр мектептің қамқоршылық кеңесі мектеп формасының үлгісі мен түсін өз жарғысына сәйкес бекітеді, ал ата-аналар соған сай сатып алады. Бірыңғай стандарт енгізілсе, бірнеше мәселе қатар шешілер еді. Соның бірі - отандық жеңіл өнеркәсіпті қолдау. Бүгінде мектеп формасының басым бөлігі шетелден жеткізіледі. Ал біз оны мүмкіндігінше Қазақстанда тігу керек деген ұстанымдамыз. Бұл отандық өндірісті дамытуға да, жаңа жұмыс орындарын ашуға да ықпал етеді. Бұл мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп қаралып жатыр. Осы бағытты Аида Ғалымқызымен де талқыладық. Ортақ мақсатымыз - мектеп формасын елімізде өндіру мүмкіндіктерін кеңейту", - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова