Мектеп формасына қатысты маңызды ереже: министрлік ескерту жасады

Қазақстанда мектептер ата-аналарды форманы белгілі бір өндірушіден немесе нақты дүкеннен сатып алуға мәжбүрлей алмайды. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шынар Ақпарованың айтуынша, Қазақстанда міндетті мектеп формасына қойылатын ортақ талап бар. Киімнің үлгісі мен түсін әр мектеп ата-аналармен немесе мектептің қамқоршылық кеңесімен бірлесіп айқындайды.

"Ата-аналар өндірушіні өздері таңдайды. Білім беру ұйымдарына қандай да бір нақты өндірушіні ұсынуға рұқсат етілмейді. Бұл ата-аналардың еркінде", - деді вице-министр.

Директор немесе мұғалім форманы белгілі бір сатушыдан сатып алуды талап етсе, ата-аналар білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаментке немесе тікелей Оқу-ағарту министрлігіне жүгіне алады.

"Біз міндетті түрде тиісті шара қолданамыз, себебі бұйрықта мұндайға жол берілмейтіні нақты көрсетілген", - деді Шынар Ақпарова.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!