Алматы облысындағы мектеп директоры қызмет бабын пайдаланып сеніп тапсырылған мүлікті ұрлағаны үшін сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сотталушы 2022 жылғы тамызда Балқаш ауданындағы мектептердің бірінің директоры бола тұра ұлын осы мекемеге лаборант ретінде жалған жұмысқа орналастырған. Оның әрекеті нәтижесінде мемлекет бюджетіне жалпы сомасы 902 мың теңге материалдық шығын келтірілген.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты.
Сот істің барлық мән-жайын зерделей келе, сотталушыны өзіне айыпталған әрекетті жасағаны үшін кінәлі деп танып, ұрланған мүліктің 10 еселенген сомасында, яғни 9 миллион теңге айыппұл салды, сондай-ақ, мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында лауазымдарды атқару немесе белгілі бір кәсіптік немесе өзге де қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру туралы шешім қабылдады.
Сотталған адам айыппұлды үкім заңды күшіне енген күннен бастап үш айдан кешіктірмей төлеуге міндетті. Айыппұл белгіленген мерзімде төленбесе, айыппұл түріндегі жаза бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!